Back

Алматы әкімі Ганди саябағында кішкентай балаларға орын қарастыруды тапсырды

Алматы қаласы әкімі Ерболат Досаев Алмалы ауданын аралау барысында Ганди атындағы саябаққа ат басын бұрды. Қала басшысы «Халық қатысатын бюджет» аясында қолға алынған саябақтағы абаттандыру жұмысының барысын қадағалады, – деп хабарлайды Dalanews.kz Алматы қаласы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Алматы қаласындағы Жамбыл – Жароков – Шевченко – Гагарин көшелерінің аумағындағы жақын маңдағы үйлердің тұрғындары жарықты реттеу, жол төсемін қалпына келтіру және ойын алаңдарын ретке келтіру туралы бастама көтерді.

Аумақтағы тұрғындар үшін Ганди саябағы бос уақыт өткізуге, демалуға таптырмас басты орын. Саябаққа күн сайын 2 мыңнан астам адам келеді. Ойын алаңдары мен воркаутты жаңарту, демалыс аймақтарын, саябақта жүгіру жолдарын жасау жөніндегі ұсыныстарды «Халық қатысатын бюджет» бағдарламасында дауыс беру кезеңінде қала тұрғындары белсенді қолдады.

Саябаққа барған кезде Алмалы ауданының әкімі Айдар Жақыбаев қала басшысына жұмыстың үш бағытта жүргізілгені туралы баяндады. 80%-ға саябақта көгалдандыру бойынша міндеттер орындалып, кабельдік желінің және жарықтандыру тіректерінің зақымдануын ауыстыру аяқталғанын алға тартты.

Абаттандыру жұмыстарының 90% жүргізілген. Саябақта әткеншегі бар 17 пергола, жарық тартылған 6 беседка, 3 шахмат үстелі, 5 ауыз су бұрқағы орнатылған.

Сонымен қатар, аудан әкімінің айтуынша, тұрғындарға ыңғайлы болу үшін иттерді серуендетуге арналған аймақ ірі және кіші тұқым үшін бөлініп жасалған. Саябақтағы жұмысты осы жылдың 15 қарашасында толық аяқтау жоспарланып отыр, нысанға 90 адам жұмылдырылды.

Саябақты аралау барысында аудан тұрғындары Алматы әкіміне кішкентай балаларға арналған балалар алаңын бейімдеу туралы өтінішін айтты. Осылайша ата-аналар балаларының қауіпсіздігіне алаңдайтынын білдірді.

– Біздің әртүрлі жастағы балаларды біріктірген тәжірибеміз бар. Аймақтарды бөлу қажет, – деді Ерболат Досаев. Қала басшысы аудан әкіміне осы мәселені пысықтауды тапсырды. Сонымен бірге, Ерболат Досаев саябаққа келушілер үшін ыңғайлы соқпақтарды қарастыру қажеттігіне назар аударды.

Қалада тұрғындардың демалысы үшін ашылған тағы бір жобаны Алматы әкімі жұмыс сапары кезінде аралады.

Әуезов ауданындағы Жандосов көшесінің оңтүстігінде және Сүлейменов көшесінің шығысында жаяу серуендеу аймағын абаттандыру аяқталды. Жоба «Халық қатысатын бюджет» бағдарламасы аясында жүзеге асырылды. Бүкіл аумақ жарықтандырылып, жасыл желектерді автоматты суару жүйесі орнатылды.

Тағы оқыңыз:

Ерболат Досаев вандализмді болдырмау үшін жаңа аулаларды бейнебақылау камераларымен жабдықтауды тапсырды