Риддердегі жылу орталығының №2 қазандығы аптаның аяғында іске қосылады

Dalanews 06 қаз. 2023 12:22 242

Осы аптаның соңына дейін Риддер жылу электр орталығының орташа қысымды №2 қазандығы іске қосылады. Қазір қазандықты қосу-баптау және қаптау жұмыстары аяқталуға жақын, – деп хабарлайды Dalanews.kz ШҚО облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Жоғары қысымдағы №4, №5, №6 қазандықтарды күрделі жөндеу тәуліктік режимде жалғасуда. Ол жұмыстар бекітілген кестеге сәйкес қарашаның 15-не дейін толық аяқталуға тиіс.

Жөндеу жұмыстарымен бірнеше ауысымда 400-ден астам еңбеккер айналысып жатыр.

Бүгінгі таңда, яғни 5 қазанда Риддер жылу-электр орталығында күрделі жөндеуден өткен орта қысымдағы №1 және №3 қазандықтар қалыпты жұмыс істеп тұр.

Қазір №3 қазандық қалаға ыстық су, ал әлеуметтік мекемелерге жылу беруде. Жақын арада №1 қазандық агрегатының қуаты номиналды көрсеткіштерге жеткеннен кейін қаланың тұрғын үйлері мен мекемелеріне, өндірістік кәсіпорындарға жылу беру басталады.


Осылайша, жылу-электр орталығындағы барлық алты апатты қазандық толықтай жөндеуден өтіп, технологиялық тізбек қайта қалпына келтірілмек.

Өткен жылыту маусымында Риддер жылу-электр орталығында 84 апатты өшіру болғаны белгілі. Күрделі жөндеуден кейін алдағы жылу беру маусымы штаттық режиде өтуге тиіс деп сендіріп отыр сала мамандары.

 

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x