Мақсат - мұғалім беделін көтеру: Астананың білім саласына бөлінген бюджет 20 пайызға өскен

Dalanews 05 қаз. 2023 08:53 251

Астана қаласының әкімдігі 2018 жылдан бастап, педагог мамандықтарына арналған білім гранттарын бөлуде.

Бұл туралы қала әкімдігінің ресми сайтына сілтеп Dalanews.kz хабарлайды.

Жыл сайын жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білімі бар кадрларды даярлауға бөлініп келе жатқан гранттардың арқасында елордалық бірқатар жастар жұмысқа орналасқан.

Мәселен, 2022 жылдан бастап қала әкімдігінің гранты бойынша оқытылған 338 педагог жұмысқа қабылданған.

С.Сейфуллин атындағы №80 мектеп-гимназиясының мұғалімі Жанар Оспанова: «2018 жылы Павлодар педагогикалық университетіне биолог мамандығы бойынша оқуға түстім. Әкім гранты бізді мамандығымыз бойынша оқуға түсіп, өзімізді маман ретінде қалыптастыруда алдымызға үлкен жол ашты. Қазір С.Сейфуллин атындағы №80 мектеп-гимназиясында ұстаз болып еңбек етіп жүрмін. Осы жолда білім алып, еңбектенуімізге мүмкіндік бергені үшін алғысым шексіз! Ұстаздар қауымын келе жатқан кәсіби мерекемізбен құттықтаймын!» - дейді.

Танымал экономист Айбар Олжай өзінің фейсбук желісіндегі парақшасында: «2023 жылдан бастап мұғалімдердің айлығы тағы 25 пайызға көтерілді. Ең жас маман 319 500 теңге алады. Ал өтілі, санаты бар педагогтарға үстінен елеулі үстеме қосылған. Қолына 800 мың алатын мұғалімдерді білемін» - деп жазған.

«Бірақ осы жоғары жалақы уақытылы төлене ме деген сұрақтар туындап жатады. Қазіргі таңда тек санаулы өңірде бюрократиялық қиындықтардан мұндай мәселе туындағаны болмаса, ірі қалаларда ол проблема атымен шешілген» - деген А.Олжай мәселен, Астана қаласында жалақыны уақытылы төлеу мәселесі жоғары деңгейде жолға қойылған десе болады. Қазіргі таңда осы бағыттағы барлық проблемалар өз шешімін тапты – дейді.


Айта кетейік, Астана қаласының білім саласына бөлінген бюджеті биыл 20 пайызға өсіп, 209,8 миллиард теңгеге жеткен. Оның ішінде, осы жылы орта білімге 108,6 миллиард теңге қарастырылған. Елордада 98 орта мектеп бар екен.

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x