Back

Түркістан. Бес жылда 720 елді-мекен ауыз сумен қамтылды

Бүгінде Түркістан облысы тұрғындарының 80 пайызы ауылды елді мекендерде тұрады. Сондықтан ауылдарды қажетті инфрақұрылыммен қамту – басты бағыттардың бірі, – деп хабарлайды Dalanews.kz Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Түркістан облысында бір жылда мүлдем ауыз суы жоқ 10 елді мекендегі 9 мың тұрғын ауыз сумен қамтылды. Сондай-ақ 10 елді мекендегі тозығы жеткен ауыз су құбырлары жаңартылған.

Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, 2025 жылдың қорытындысымен Түркістан облысының халқы 100 пайыз ауыз сумен қамтамасыз етілуі тиіс.

Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды осы бағытта атқарылып жатқан жұмыстардың барысын пысықтады. Облыста 720 елді мекен ауыз сумен қамтамасыз етілген. Жыл соңына дейін 16 елді мекенде су жүйелері жүргізіліп, ауыз су беріледі.

Елді мекендерді үздіксіз және сапалы ауыз сумен қамту үшін жер асты су кен орындарын, су көздеріне іздеу-барлау жұмыстарын жүргізіп жатқан уәкілетті органдар тарапынан су қорлары бекітілуде.

Бұл мәселе бойынша облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Руслан Мұздыбеков баяндады.

Өңірде халықты орталықтандырылған ауыз сумен қамтамасыз ету бойынша жүйелі жұмыстар жүргізілуде. 2018 жылы облыста 622 елді мекен (7 қала, 615 ауылдық елді мекен) ауыз сумен қамтамасыз етілген болатын.

5 жылда орталықтандырылған ауыз сумен елді мекендердің жалпы саны 720-ға жетті (7 қала, 713 ауылдық елді мекен) немесе 86,4 %-ға артып, 2025,3 мың адам сапалы ауыз сумен қамтылып отыр.