Cоңғы жаңалықтар
Back

Спортшылар Астанада өтіп жатқан «Тоқта, вандал» акциясын қолдады

Астанада қала мүлкінің бүлінуіне жол бермеуге және қоғамдық тәртіпті сақтауға бағытталған «Тоқта, вандал» акциясы өтіп жатыр. Белгілі қазақстандық спортшылар бұл бастаманы қолдап, елорда тұрғындарына тиісті үндеу жасады, деп хабарлайды қала әкімдігінің ресми сайты.

Панкратион мен джиу-джитсудан әлем, Еуразия және Азия чемпионы қазақстандық кәсіпқой жауынгер Василий Тахтай «Тоқта, вандал» бастамасын қолдауға және қаланың сұлу келбетін қорғауға шақырды.

«Көшедегі заттарды бүлдірудің орнына рингке шығып, нағыз қарсыласыңызбен жекпе-жек өткізіңіз», – деп ол қала тұрғындарын жаттығуға шақырды.

Бұл бастаманы тағы бір белгілі спортшы – ҚР стрит-воркаут командасының бас бапкері, әлем чемпионы Айтым Жақыпов қолдады. Ол да астаналықтарға үндеу жолдады.

«Бойындағы күшін қайда жіберерін білмей, айналасындағы заттарды бүлдіретін жастарды көреміз. Жаттығу алаңына барып, бойыңыздағы негативті энергияны шығарыңыз», – деді ол.

Айта кетейік, Астанада Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша вандализммен күрес бойынша жүйелі жұмыс жүргізіліп жатыр. Елордада 2 тамыз күні қала мүлкінің, аула аумақтары мен қоғамдық орындардың бүлінуіне жол бермеу үшін «Тоқта, вандал» акциясы басталды.