Құрылыс басқармасының басшысы Тоқтар Үсіпәлиевтің баяндауынша, бірнеше жылдан бері тоқтап тұрған 7 мектептің құрылысы араға уақыт салып, қайта жанданбақ.
Қазығұрт, Отырар және Ордабасы аудандарында орналасқан білім ұялары мердігерлер тарапынан тоқтаған. Бағаны көтерілуі мен пандемия салдарын алға тартқандардың істері сотта қаралып жатыр.
Бірқатары бойынша шешім шығып, құрылыстың конкурсы қайтадан өткізіле бастады. Әртүрлі себептермен үш көпқабатты тұрғын үйдің құрылысы да тоқтап тұр. Іс сотта қаралуда.
Құрылысты созғандар жосықсыз мердігерлер тізіміне енеді. Орта мектептердің құрылыс компанияларын мемлекеттік сатып алулардың жосықсыз қатысушылары тізіліміне енгізу және тұрақсыздық айыбын өндіріп алу туралы талаптары сотта қанағаттандырылды.

Жүргізілген талдау нәтижесінде жұмысы аяқтаусыз қалған нысандар анықталған. Мемлекеттік сатып алу басқармасының басшысы Қайрат Елибаевтың баяндауынша, мемлекеттік сатып алудың барлық принциптерін, оның ішінде адал бәсекелестік, ашықтық пен бюджет қаражатының оңтайлы және тиімді жұмсалуы қатаң бақылауда.
Жұмысты қайта жандандыру мақсатында заң тұрғысында сүйемелдеу жұмыстары жүргізілген. Сатып алу мониторингі қызметін күшейту үшін басқармаларға, аудан, қалаларға тыңдалым өткізу, тапсырыс берушілер жұмысын үйлестіру, есеп беру деректерін тексеру жүргізіледі. Жаңа бағдарламалардың жұмыс істеуін түсіндіру бойынша семинарлар өткізу жоспарланған.