Қазақстанның құтқарушылары: адалдық пен батылдық тарихы

Dalanews 30 қаз. 2023 08:20 803

Еліміз тәуелсіздігін алғаннан кейін бірден Қазақстанда жеке мемлекеттік құрылым пайда болды, Оның негізгі міндетіне табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлардың алдын алу және жою шаралары кірді. Соңғы отыз жылдың ішінде бұл құрылым бірнеше рет қайта құрылғанын да білеміз, мәртебесі өзгерді, бір кездері, тіпті жойылып та кетті. Алайда, бұл бастапқы шаруалардың негізінде нағыз батырлар галактикасын жасауға кедергі тудырған жоқ. Түркия мен Сириядағы жойқын жер сілкінісін жоюға атсалысқан қазақстандық құтқарушыларға жоғары мемлекеттік наградалар табыс етілуі соның тағы бір дәйекті дәлелі деуге негіз бар.

Мемлекет басшысының Жарлығымен бес құтқарушы қызметтік борышын орындаудағы адалдығы, сондай-ақ Түркия мен Сирия Араб Республикасындағы төтенше жағдайларда көрсеткен ерлігі үшін 2-дәрежелі «Айбын» және «Құрмет» ордендерімен марапатталды. Олардың қатарында Ақмола облысы Төтенше жағдайлар департаменті Өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметі №1 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінің бастығы Айдын Жоламанов, ҚР Ұлттық ұланының 3656 әскери бөлімі авиациялық отрядының кеме командирі Құрманғали Топанов бар. Астана қаласы Төтенше жағдайлар департаменті Өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметі бөлімше бастығының орынбасары Ардақ Айтпаев та, Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігі Өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметі басқармасының бөлім бастығы – құтқарушысы Ардақ Айтпаев та, Қарағанды ​​облысы Төтенше жағдайлар департаменті қызметкері Руслан Сойко да, ҚР ТЖМ Республикалық жедел-құтқару жасағының басшысы Владимир Цой да осы құрметті тізімнен табылды. Тағы он бір құтқарушы, авиация мамандары, кинологтар мен дәрігерлер «Ерлігі үшін», «Жауынгерлік ерлігі үшін», «Ерен еңбегі үшін» медальдарымен, 112-сі Құрмет грамоталарымен және алғыс хаттармен марапатталды. Яғни, сауапты да қауіпті іске бастарын тігіп, тер төккендердің барлығы дерлік лайықты құрметке ие болды.

Еске сала кетейік, қазақстандық құтқарушылар қайғылы оқиға орнына алғашқылардың бірі болып жетіп, Газиантеп пен Нұрдағы қалаларындағы ең қиын учаскелерде жедел іздестіру-құтқару жұмыстарын жүргізе бастады. Біздің жігіттер өз өмірлерін қатерге тігіп, көбіне үйінділерді жалаң қолмен тазартып, күніне 16 сағат тынбай еңбек етті. Олар санаулы күннің ішінде 250 мың текше метр үйіндіні тазартып үлгерді.



Төтенше жағдайлар министрлігі атап өткендей, «құтқарушылар тар саңылаулар мен жарықтар арқылы қираған құрылыс материалдарының үйіндісі мен тұрмыстық жиһаз қалдықтары арқылы жеке-жеке жоғалған жандарды іздестірді. Айта кету керек, қоқыс үйіндісі көбіне сенімді тірексіз келеді және қайталанатын құлауға әкелуі әбден мүмкін. Жол бойында құтқарылған адамдарды алып жүру және толық қауіпсіздігін қамтамасыз ету жұмыстары да өзінше ептілікті қажет етеді.


Мұндай орындардағы шаруа оңай емес, екінің бірінің қолынан келе бермейді, зор тәуекелді қажет етеді. Құтқарушылар үйінді астында жүріп, құтқарылып жатқан адамды барынша аман алып қалуға күш салады. Тіпті, сол үшін жанын шүберекке түюге әзір болуы тиіс. Азаматтық парыз – бұл. Құтқарушылардың бұл жұмыс түрі аса қауіпті және жоғары кәсібилікті, қырағылық пен жеделдікті талап етеді.

Жер бетінен іс жүзінде жойылған қалаларда болып жатқан қиындықтар мен машақаттарды ескерсек, қазақ құтқарушылары жеті адамның өмірін сақтап қалды, бұл өз алдына бір ғажап іс деуге болады. Өкінішке қарай, көбінесе мәйіттерді, соның ішінде кішкентай балалардың денелерін алып шығуға тура келді. Мұқым ел қара жамылып тұрған шақта мұның өзі ерлікпен бара-бар.

Бір қуанарлығы, бауырлас халықтарымыздың тағдырындағы осынау сұмдық оқиғалар кезінде Қазақстан Президенті Мәлік Ғабдуллин атындағы Азаматтық қорғаныс академиясына – Қазақстандағы кәсіби құтқарушыларды даярлайтын бірден-бір оқу орнында болып, оның ерекше рөлін атап өтті. Сонымен қатар тұрғындар мен қоршаған ортаны қорғаушылардың қауіпсіздігі мен әл-ауқатын қамтамасыз ету мемлекеттің ең маңызды басымдығы екенін айрықша ілтипатпен жеткізді. «Ең алдымен кәсіби құтқарушыларға үлкен сенім мен жоғары жауапкершілік жүктеледі. Азаматтық қорғау қызметі - өте маңызды сала. Соңғы уақытта әлемде төтенше жағдайлар жиілеп кетті. Халық мұндай оқиғалар орын алған жағдайда әрекет етуге дайын болуы керек», – деді Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев.

Сондықтан да азаматтық қорғау қызметі озық халықаралық тәжірибені ескере отырып, үнемі түрленіп, жаңғыртылып отырады, ал оның өкілдері – қай кезде де алдыңғы шепте жүргендер, өздерінің білімі мен тәжірибелік дағдыларын тұрақты әрі үзіліссіз жетілдіріп отыруға мүмкіндік алады. Дәл осы кешенді тәсіл мамандарды дайындау мен тұтастай алғанда бүкіл қызметті жабдықтау – батылдықты тәрбиелеуге ықпал етеді. «Құтқарушылар қызмет барысында үнемі нағыз ерліктің үлгісін көрсетуге тура келеді. Өзгенің өмірі үшін кейде өз өмірін де құрбан етеді» деген Мемлекет басшысы батырлардың есімі ел жадында мәңгілікке сақтала беретінін де атап өтті. Біз олардың ерліктерін ешқашан ұмытпаймыз, ұмытылмақ емес.

Осындай қадірлі де қастерлі есімдердің бірі, әрине, өткен жылдың соңында өз өмірін жанкештілікпен қиып, астаналық тұрғын үй кешендерінің бірінің үш тұрғынын өрттен аман алып қалған Асқар Забикулин болып қала бермек. Ол қызды, оның әжесін және он жасар баланы жалынның арасынан аман-есен алып шықты, бірақ алған күйіктен өзі көз жұмды. Мемлекет басшысының Жарлығымен Асқар Зәбикулин 1-дәрежелі «Айбын» орденімен марапатталды. Астанадағы бір көшеге өрт сөндірушінің есімі берілді. Бұл – нағыз батырға көрсетілген құрмет, замандастарының ел үшін туған ердің алдындағы парызы.

Асқар Забикулиннің өмірін қиған өртте ерлік көрсеткен тағы бір батыр Астана қаласы Төтенше жағдайлар департаментінің құтқару жұмыстары – Өрт сөндіру және төтенше жағдайлар қызметінің №10 өрт сөндіру бөлімінің командирі Аян Кемпіров. Ол да ІІІ дәрежелі «Айбын» орденімен марапатталған.


Өткен жыл қазақстандық құтқарушылар үшін қиын-қыстау сәттерге толы болды. Еліміздің шығысы мен солтүстігінде тұтанған өрт ешкімнің ойынан кете қойған жоқ. Бір ғана Қостанай облысында өртті сөндірудегі ерлігі үшін 20 өрт сөндіруші мен авиация саласының мамандары мемлекеттік наградаларға ұсынылды. Олардың қатарында үш астаналық өрт сөндірушінің аты-жөнін атап өтуіміз керек – Өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметі 5-мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінің аға өрт сөндірушісі Алдияр Әкім, Өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметі №2 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінің командирі Сұлтан Ахметқалиев, Қостанай облысы Төтенше жағдайлар департаменті Өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметі №17 өрт сөндіру бөлімінің өрт сөндірушісі Азат Әбуқалық, Қостанай облысы Төтенше жағдайлар департаменті Өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметі №23 өрт сөндіру бөлімінің командирі Нұрсұлтан Бағытжанов, сондай-ақ «Қазавиапас» АҚ әуе кемелерінің командирі Ержан Базаров. Бұлардың барлығы өз мамандықтарына адалдық танытты, ерліктің нағыз үлгісін көрсетті.

Еске сала кетейік, өткен жылы жеті адамды - үшін үшеуі балалар, құтқару кезінде көрсеткен батылдығы мен кәсібилігі үшін, Алматы қаласы Төтенше жағдайлар департаменті Өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметінің 6-мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінің командирі Қайрат Нұржаубаев «Ерлігі үшін» медалімен марапатталды.

Әрине, қазақстандық құтқарушылар арасында нағыз батырлар көп, олардың барлығын тізіп шығу мүмкін емес. Марапатталғандардың қатарында Талғардағы төрт қабатты ғимараттан тұтанған өрттен адамдарды құтқаруда ерлік көрсеткен Алматы облысы Төтенше жағдайлар департаменті Өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметі №2 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінің командирі, өрт сөндіруші Ренат Нұрметов та бар.

Әріптестерінің айтуынша, ол шақыру орнына келген кезде пәтер ашық жалынмен өртеніп жатқан, тұрғындардың сөзіне қарағанда, ішінде адамдар болуы мүмкін екені анықталды. Газ және түтіннен қорғау қызметін басқаратын Ренат Нұрметов пәтерге именбей кіріп барып, өртті сөндіру жұмыстарын жедел бастап кеткен. Барлау барысында адамдарды қауіпсіз жерге көшіріп, өрттің тұрғын үйлерге таралу қаупінің алдын алды, сонымен қатар жоғарғы қабаттардан 9 адамды, оның 6-уы балаларды құтқарды. Ренат Нұрметовтың шебер әрекетінің арқасында адам шығынын болдырмау және өртті дер кезінде сөндіру мүмкін болды. Әскери және қызметтік борышын үлгілі орындағаны, заңдылық пен тәртіпті қамтамасыз етудегі көрсеткен ерлігі мен жанқиярлығы, еліміздің ұлттық қауіпсіздігі мен қорғаныс қабілетін нығайтуға қосқан үлесі үшін жасақ командирі «Ерлігі үшін» медалімен марапатталды.


Қаһармандық ерліктері мен мінсіз қызметі үшін Алматы қаласы Төтенше жағдайлар департаменті Өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметі №9 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінің командирі, азаматтық қорғау старшинасы Мирбек Дощанов та «Ерлігі үшін» медалін кеудесіне жарқыратып тақты. Ол да мұндай құрметке әбден лайық еді. Төтенше жағдайлар министрлігі хабарлағандай, «Мирбек басқарма басшысы кезінде Алмалы ауданындағы Hotel Plaza Almaty қонақүйін шарпыған өртті жоюға белсене қатысқан. Өрт, түтін және жоғары температура қонақтардың өмірі мен денсаулығына айтарлықтай қауіп төндірді. Мирбек Дощановтың кәсібилігінің арқасында 15 адам аман қалды, оның үшеуі ес-түссіз жатқан болатын».

Жаңа ғана айтқанымыздай, төтенше жағдайлар саласында еңбек етіп жүрген барлық батырлардың есім-сойларын тізіп шығу мүмкін емес. Жыл сайын ондаған қазақстандық құтқарушылар өмірлерін қатерге тігіп, азаматтық және адамдық борышын өтеуде көз жұмып, жан тапсырып жатады. Немесе өшпес ерліктің үлгісін көрсетеді. Мұның барлығын марапаттар үшін деп айтуға, әлбетте аузымыз бармайды. Тек олардың қанында ерекше ген бар – ерлік гені.

Асхат Қойшығараұлы

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x