Туризм – Алтай ауданы дамуының жаңа векторы

Dalanews 07 мау. 2023 08:09 345

Шығыс Қазақстан облысының өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында Алтай ауданының 5 айдағы әлеуметтік-экономикалық дамуы жайлы аудан әкімінің орынбасары Жанна Асқарованың қатысуымен брифинг өтті. Өңір облыстағы туристер көп келетін аймақтардың қатарында.

Шығыста 2023 жылы инфрақұрылымды дамытуға ерекше көңіл бөлінуде. Жоспарда 6,2 млрд теңгеге 75 жобаны жүзеге асыру, оның ішінде 2,2 млрд теңгеге 49 мәселе ақпараттық-түсіндіру топтарымен кездесу аясында қарастырылуда.

Тұрғындарды сапалы сумен және су бұру жүйесімен қамтамасыз ету саласында Малеевск және Путинцево ауылдарында су құбыры желілерін салу бойынша 950 млн теңге сомасына 2 инвестициялық жобаны іске асыру басталады. «Алянс XXI» ЖШС мердігерлік ұйымы анықталды.

– Ауданның 11 ауылында су құбырларын жөндеу жұмыстары жүргізіліп, аудандық бюджет есебінен 89 млн теңге қарастырылған, жұмыстардың аяқталу мерзімі ағымдағы жылдың 30 қыркүйегі деп болжануда.

Сонымен қатар жол-көлік инфрақұрылымы саласында жол жөндеу жұмыстарына, 2 ауыл көпірін, Алтай және Серебрянск қалаларының көшелерін, ауданның 10 кенті  мен ауылын жөндеуге 503 млн теңге қарастырылған. Жұмыстар басталды, жұмыс 2023 жылғы 30 тамызға дейін аяқталады.

Абаттандыру саласында Алтай және Серебрянск қалаларында, ауданның 8 ауылында 98 млн теңгеге балалар және спорт алаңдарын жабдықтау және абаттандыру жұмыстары, 2023 жылғы 30 қыркүйекке дейін жұмыстарды аяқтау жоспарлануда, және Алтай қаласындағы 60 пәтерлі тұрғын үйдің аумағын сыртқы инженерлік желілермен, су, кәріз, телефон тарту, жылу желілері және электрмен қамту сынды абаттандыруға облыстық бюджеттен 133,8 млн теңге бөлінді, – деді Алтай ауданы әкімінің орынбасары.


Туризм Алтай ауданы дамуының жаңа векторы болып табылады. Жаңа Бұқтырма елді мекенін дамыту бойынша нақты іс-шаралар жоспары әзірленді. Жобада Жаңа Бұқтырма елді мекенінің орталық бөлігін абаттандыру қарастырылған, брифинг барысында соған сәйкес жобалық-сметалық құжаттама әзірленгенін  айтты.

– Облыс әкімінің тапсырмасы бойынша Жаңа Бұқтырма кенті мен Бұқтырма жағалауының туризмін дамыту бойынша іс-шаралар жоспары әзірленді. Аудан әкімі бірнеше рет тұрғындармен кездесіп,түсіндіру жұмыстарын жүргізді.

Жалпы бұл жұмыстар 3  кезеңге бөлінген. 2023 жылы Жаңа Бұқтырма кентінің орталық бөлігін абаттандыру, 200 орындық қазақ мектебін салу,көшені жарықтандыру жүйесін жаңғырту, дәрігерлік амбулаторияны күрделі жөндеу, кірме және кент ішіндегі жолдарды орташа жөндеу, демалыс базаларына баратын жаяу жүргіншілерге арналған және веложолдар салу көзделген. Биылғы жылы осындай жұмыстар қарастырылған. Ал 2024 жылы «Арбат» жаяу серуендеу аймағын және қоғамдық жағажайды абаттандыру, 2 автомашинаға арналған өрт сөндіру бекетінің құрылысы жоспарланған. 2025 жылы Жаңа Бұқтырма кентінің артындағы «Кочевник» кафесі аумағына саябақ салу көзделіп отыр, – деді Жанна Асқарова.

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x