Cоңғы жаңалықтар
Back

Түркістан облысының құрылғанына 5 жыл толуына орай Астанада мәдени іс-шаралар өтті

Астанадағы «QAZAQSTAN» орталық концерт залында Түркістан өңірінің тарихынан сыр шертетін көрме көпшілік назарына ұсынылды, – деп хабарлайды Dalanews.kz Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Көрмені ҚР Мәдениет және спорт министрі Асхат Оралов,  ҚР Әділет министрі Азамат Есқараев, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова мен Түркістан облысы әкімі Дархан Сатыбалды, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары, сонымен қатар зиялы қауым өкілдері мен Шәмші Қалдаяқов атындағы Түркістан облыстық филармониясының «Менің Қазақстаным» концертіне келуші астаналық көрермен тамашалады.

Мұнда Түркістан облыстық тарихи-өлкетану музейі, «Ұлы дала елі» орталығы, Руханият – Әбу Нәсір әл-Фараби музейі, Бейнелеу өнер музейі, Түркістан облысының мақта шаруашылығы тарихы музейі және Қажымұқан атындағы облыстық спорт музейінің экспонаттары мен «Оңтүстікфильм» мекемесінің көрмесі жасақталған.

Атап айтсақ, ұлы ғұлама, энциклопедист ғалым Әбу Нәсір әл-Фарабиден бастап, атақты балуан Қажымұқан мен ұлы сазгер, ҚР Әнұранының авторы Шәмші Қалдаяқов сынды тұлғалардың мұралары, түркі тілдес елдердің ұлттық киімдері, қылқалам шеберлерінің туындылары, оңтүстік өңірде түсірілген фильмдер, өлкенің бай мұрасы мен тарихы қамтылған.

Бұдан кейін «QAZAQSTAN» орталық концерт залында Шәмші Қалдаяқов атындағы Түркістан облыстық филармониясының «Менің Қазақстаным» атты концерті өтті.

Концерттің шымылдығын Сабырхан Асановтың сөзіне жазылған Шәмшінің «Отырардағы той» әнімен бастау алды. Салтанатты шараны ҚР Мәдениет және спорт министр Асхат Оралов ашып беріп, қалың жұртты Түркістан облысының 5 жылдығымен және Шәмші Қалдаяқов атындағы Түркістан облыстық филармониясының ұжымын 60 жылдығымен құттықтады.

Сонымен қатар өнер ордасына министрлік атынан Алғыс хат табыстады.

Мерекелік кешті Айгүл Иманбаева мен Жандос Өсербаев тізгіндеді. Концерт барысында филармония әншілері дарынды композитордың халық жүрегінен орын алған таңдаулы шығармаларын оркестрдің және ВИА-ның сүйемелдеуімен жанды дауыста орындады. Сонымен қатар арнайы караоке ұйымдастырылып, әнсүйер қауым сазгердің өміршең әндерін қосыла шырқады. Оған қоса, көпшілікке туындылардың шығу тарихы таныстырылды.

Кеш барысында Қазақстанның Халық әртісі Нұржамал Үсенбаева, ҚР Мәдениет қайраткері Айжан Таженова, «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері Наркенже Серікбаева, ҚР Мәдениет саласының үздіктері Мамадияр Таукеев пен Дінмұхамед Байқожа, Айзада Әлімбек, «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері Дана Мақатаева, халықаралық «Славян базары» фестивалінің гран-при иегері Рухия Байдукенова, эстрада жұлдыздары Ғазизхан Шекербеков, «Қазақстан дауысы» жобасының финалисті Данияр Барыс сынды өнер иелерімен қатар, «Яссы» және «Фараб» би ансамблі, «Алаш» вокалды аспаптар ансамблі, «Сүгір» атындағы қазақ ұлт аспаптар оркестрі өнер көрсетті.

Айта кетейік, Шәмші Қалдаяқов қазақ даласына 300-ге тарта ән қалдырған. Әрбір туындысы жүрек төрінде жатталған өнер иесінің әндері аталмыш концертте жаңаша сипат алды. Ұлттық рухани мұрамыздың ажырамас бөлігіне айналған ұлы сазгердің есімі қазақ үшін қашан да қастерлі. Филармония ұжымы Шәмші әндеріне сусап келген астаналық тыңдарманның көңіліне керемет сезім сыйлап, көптің ықыласына бөленді.

Тағы оқыңыз:

Түркістан облысында 4 айда 163,5 млрд теңгені құрайтын ауыл шаруашылығы өнімі өндірілген