Қазығұртта қуаттылығы 50 мвт күн электр станциясы салынады

Dalanews 22 мам. 2023 07:05 276

Қазығұрт ауданында биыл қуаттылығы 50 мвт күн электр станциясы салынады. Бұл туралы бүгін өткен брифингте Қазығұрт ауданының әкімі Азизхан Исмаилов айтты, – деп хабарлайды Dalanews.kz.

Қазығұрт ауданында шағын және орта бизнес саласын дамыту үшін өткен жылы жалпы 65 жоба іске асырылған.

– Биыл 26,7 млрд теңгеге 12 жобаны іске асыруды жоспарлап отырмыз. Олардың қатарында Шанақ ауылдық округінде құны 23,8 млрд теңгені құрайтын жалпы қуаттылығы 50 МВт күн электр станциясын салу көзделуде. Қазіргі таңда жер мәселесі толық шешіліп, инвесторлармен меморандум түзілген.

Бұдан бөлек, 25 жаңа жұмыс орнымен құны 1,1 млрд теңге құрайтын мал сою бекетін салу қарастырылуда. Оның жалпы қуаттылығы жылына 10 мың бас ірі қара мал.

Сонымен қатар, «Ынтымақ» өндірістік кәсіпорны тарапынан қуаттылығы 1,3 МВт су электр станциясы салынып жатыр. Ол биыл қыркүйек айында пайдалануға беріледі. Одан бөлек, өткен жылы негізгі капиталға бағытталған инвестиция көлемі 23,1 млрд теңгеге, ал ауыл шаруашылығы саласының өнім көлемі 66,7 млрд теңгеге жетті, – деді Азизхан Әзімханұлы.


Сонымен қатар, Мемлекет басшысының «Ауыл аманаты» жобасы аясында ауданда Шарбұлақ және Шанақ ауылдық округтері пилоттық режимде іске асырылуда. Атап айтсақ, Шарбұлақ ауылы округінде сүтті бағытта, ал Шанақ ауылы округінде етті бағыттағы жобалар қолға алынған.

Сондай-ақ, Мемлекет басшысының 10 мың тұрғынға 100 тұрақты жұмыс орнын құру туралы тапсырмасы бойынша ауданда 2022 жылдың қорытындысымен 1 421 жаңа жұмыс орны құрылып, жылдық жоспар 2 есеге артық орындалған. Ал, биыл 1 152 жаңа жұмыс орындарын құру жоспарланып, 3 айдың қорытындысымен 309 жаңа жұмыс орны ашылып отыр.

Айта кетейік, 2022 жылдың қорытындысымен ауданда жалпы 62 елді мекеннің 59-ы ауыз су құбырымен, 49-ы табиғи газ жүйесімен, 98,4 пайызы орталықтандырған электр желісімен қамтылған. Сондай-ақ, 28 аудандық маңызы бар және ішкі жолдарға орта жөндеу жұмыстары жүргізілген.

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x