ШҚО-да 2030 жылы балық өсіру көлемі 9,7 мың тоннаға жеткізу жоспарлануда

Dalanews 22 мам. 2023 06:28 312

Соңғы 5 жылда елімізде 16 апатты деп танылған су қоймасы жөнделді. Шығыс Қазақстан облысында 2023 жылдың соңына дейін 2 апатты су қоймасын қалпына келтіру жоспарлануда. Олар – Зайсан ауданындағы Үйдене су қоймасының құрылымдарын қайта жаңғырту және Тарбағатай ауданындағы Қарғыба өзеніндегі бөгетті қайта жаңғырту. Бұл туралы баспасөз мәслихатында Экология және табиғи ресурстар министрі Зүлфия Сүлейменова мәлімдеді.

Ал орман шаруашылығы саласында Президенттің 2 миллиард ағаш отырғызу жөніндегі бастамасымен екі жылда 1300 гектар аумаққа 6,1 миллион көшеттер егілді.

– Биыл Шығыс Қазақстанда 1,5 мың гектар аумаққа 8 миллион ағаш отырғызу жоспарлануда. Биылғы көктемгі орман шаруашылығы жұмыстары басталғалы 40 гектар аумаққа 196 мың түп ағаш отырғызылды, – деді министр.


Ол сондай-ақ министрліктің балық шаруашылығын дамыту бойынша жұмыс жүргізіп жатқанын айтты. 2030 жылға дейін Шығыс Қазақстан облысында балық өсіру көлемін 9,7 мың тоннаға жеткізу жоспарлануда.

– Бағдарламаға сәйкес 2023 жылы 2846 тонна балық өсіру жоспарлануда. Биылғы жылдың 1 тоқсанында 769 тонна тауарлық балық өсірілді. Ал жыл соңына дейін Өскемен және Бұқтырма су қоймаларында бағалы балық өсіру үшін балық шаруашылығы құрылады, – деп түйіндеді өз сөзін Зүлфия Сүлейменова.

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x