Әкімі залалсыздандыру жұмыстарын сынға алды

Dalanews 15 мам. 2023 12:03 355

Шіркейге қарсы химиялық өңдеу жұмыстарының барысы туралы Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалдының төрағалығымен өткен апталық аппарат отырысында баяндалды. Сырдария өзені бойымен Көксарай су реттегіш қоймасы маңындағы орналасқан елді мекендерде шіркейлердің көбеюі соңғы бірнеше жылда қалыпты жағдайға айналған, – деп хабарлайды Dalanews.kz Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Дезинсекция жүргізу аймақтары ретінде Түркістан, Кентау, Арыс қалалары мен Сауран, Отырар, Шардара аудандары  белгіленген. Залалсыздандырылатын аумақ көлемі – 7 713,1 гектарды құрайды.

Шіркейлерге қарсы химиялық өңдеу жұмыстары тиісті деңгейде жүргізіліп жатқан жоқ. Осылай деген облыс әкімі сала басшыларын қатаң сынға алды. Кемшіліктерге жол бергені үшін салаға жауапты басқарма басшысына қолданыстағы заңнама аясында тиісті шара қолдануды тапсырды.

– Жыл басталмай жатып, шыбын-шіркеймен күреске сақадай сай болу қажет екені талай рет ескертілді. Қазір тұрғындар тарапынан неге шағым көп? Шұғыл түрде зиянкестерге қарсы дәрілеу, дезинсекциялау жұмыстарын сапалы жүргізуді, оның барысын бақылауды күшейтуді тапсырамын. Мәселе қатаң бақылауда. Атқарылып жатқан жұмыстардың барысы туралы апта сайын баяндалсын, – деді облыс әкімі.


Дезинсекция шараларын және ғылыми сүйемелдеуді мердігер «Satti Tulik» ЖШС өткізуде. Биылға бұл мақсатқа 644,4 млн теңге қаралған. Залалсыздандыру жұмыстары облыс аумағында наурыз айынан бастап жүзеге асырылуда. Ғылыми зерделеу жұмыстарына 10 адам және дезинсекция шараларына 62 техника, 77 адам тартылған.

Шіркейлердің санын азайтудың тиімді әдісі ретінде Сырдария өзеніне биологиялық препаратпен өңдеу әдісі қолданылады. Мамандардың айтуынша, бұл – Сырдария өзеннің флорасы мен фаунасына қауіп төндірмейді. Жәндіктердің санын азайтуға бағытталған. Дезинсекциялық іс-шараларды жүргізу кезінде сақтық шараларын ұстану аса маңызды.

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x