Жастарға 500-ге жуық бос жұмыс орны ұсынылды

Dalanews 22 сәу. 2023 05:48 259

Астанада студенттер мен жұмыссыз жастарға арналған бос жұмыс орындары жәрмеңкесі өтті. Онда 50 жұмыс беруші 500-ге жуық бос жұмыс орнын ұсынды, – деп хабарлайды Dalanews.kz.

Жәрмеңкеде денсаулық сақтау, білім беру, құрылыс, қызмет көрсету және т.б. салаларда бос жұмыс орындарын табуға болады.

– Esil University-мен бірлесіп «Астана жастары» жастар ресурстық орталығы, халықты жұмыспен қамту орталығы бос жұмыс орындары жәрмеңкесін өткізді. Қазіргі уақытта 50 компания 500-ге жуық жұмыс орнын ұсынуда. Олардың қатарында мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Астана қаласы бойынша департаменті, банктер және басқа да мекемелер бар, – деді «Астана жастары» жастар ресурстық орталығының қызметкері Олжас Хамитов.

Esil University жәрмеңкесінде жұмыс тапқысы келетіндер көп болды. Өйткені мұнда бірнеше жұмыс берушімен сұхбаттасу мүмкіндігі жасалды.

– Біз – өз шығармашылығы арқылы тың ойлары, идеялары бар жас студенттерді іздейтін компаниямыз. Бізде тұрақты жалақы, ресми жұмысқа орналасу, карьералық өсу, тату ұжым бар. Студенттер бізге түйіндемелерін береді, біз олармен байланыс орнатамыз, олар бізге өндірістік практикаға немесе жұмысқа орналасуға келе алады, – деп атап өтті персонал жөніндегі менеджер Қымбат Сүлейменова.


Ал Фариза Ділімбетова бір жылдан кейін диплом алады, бірақ қазірдің өзінде тәжірибе жинау үшін жұмыс іздеп жүр. Себебі, тәжірибесіз жұмысқа орналасу қиын. Фариза сияқты көптеген студент үшін мұндай іс-шаралар жақсы жұмыс орнын табудың тамаша мүмкіндігі болып саналады. Өткен жылы ғана 250-ден астам адам жұмысқа орналасты. Сондықтан Астанада бос жұмыс орындары жәрмеңкесі тоқсан сайын өткізіледі.

Айта кетейік, 2022 жылы елордада жастарға арналған төрт бос жұмыс орындары жәрмеңкесі өтті. Оларға 160-тан астам жұмыс беруші мен 2,5 мыңға жуық жас қатысты. Оларға барлығы 1 800-ден астам бос жұмыс орны берілді.

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x