Шығыс Қазақстан облысында орташа жалақы 323 726 теңгені құрады

Dalanews 21 ақп. 2023 05:55 315

Шығыс Қазақстан облысында 2022 жылғы 4 тоқсанда жұмыскерлерге есептелген орташа жалақы шағын кәсіпорындарын есептемегенде  323 726 теңгені  құрады, – деп хабарлайды Dalanews.kz.

Осылайша өңірде 2021 жылғымен салыстырғанда 20,5%-ға өскен деп атап өтті ШҚО өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте ҚР Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі Ұлттық статистика бюросының Шығыс Қазақстан облысы бойынша департаменті басшысы Ерназ Нұрланов.

Өңір тұрғындарының еңбекақы деңгейі республиканың басқа өңірлерінің ішінде 2022 жылдың қорытындысымен салыстырғанда  6-шы орынды иеленген.

Облыстың 2022 жылғы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары өнеркәсіп өндірісінің, ауылшаруашылығы өнімдерінің, бөлшек сауда тауар айналымының, жүк айналымының, құрылыс жұмыстары және негізгі капиталға инвестициялар көлемінің артқандығы жайлы  брифингте Ерназ Нұрланұлы айтып өтті.

– 2022 жылғы қаңтар-желтоқсанда өнеркәсіп өндірісінің көлемі 2194,2 млрд теңгені құрады. Өнеркәсіп өндірісінің республикалық көлемінің 4,6%-ын біздің облыс өндірді. 2022 жылғы қаңтар-желтоқсанда ауылшаруашылығының жалпы өнімінің көлемі 527,3 млрд теңгені құрады. Ауылшаруашылығы өнімінің республикалық көлемінің 5,7%-ын біздің облыс өндірді. 2022 жылғы қаңтар-желтоқсанда 2021 жылғы сәйкес кезеңмен салыстырғанда мал шаруашылығы өнімінің көлемі 6,9%-ға артып, өсімдік шаруашылығы өнімі өткен жылдың деңгейінде қалып, 100%-ды құрады.

Сүт және ет өндірудің үлес салмағы бойынша республикалық көлемде облыс бесінші орынды иеленді. 2022 жылғы қаңтар-желтоқсанда қосымша бағалауды есепке алғанда негізгі капиталға салынған инвестициялар көлемі 545,4 млрд. теңгеге жетті, бұл 2021 жылға қарағанда 11,2%-ға көп, – деді Ұлттық статистика бюросының Шығыс Қазақстан облысы бойынша департаменті басшысы.


Сондай-ақ брифингте облыста азық-түлік тауарлары 24,0%, азық-түлік емес тауарлары 20,5%, қызмет көрсетулер 13,8%-ға қымбаттағаны белгілі болды.

Ал ститистикалық мәліметтерге көз жүгіртсек 2023 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша облыс халқының саны, 2021 жылғы Ұлттық халық санағының қорытындысын ескерәп 730,2 мың адамды құрады, оның ішінде 483,3 мың адам қала тұрғындары және 246,9 мың адам – ауыл тұрғындары болған.

2022 жылғы 1 қаңтардан бергі кезең ішінде ШҚО халқының саны 2794 адамға азайды. Қала халқының үлесі 0,1 пайыз пунктіне артып, ауыл халқы 1,3%-ға кеміді. Және аймақта гендерлік аспект тұрғысында әйелдер санының басымдығы байқалады. Сандарға назар аударсақ, ерлер саны 2023 жылғы 1 қаңтарда 349,5 мың адамды немесе 47,9%, әйелдер 380,7 мың адамды (52,1%) құрады.

Ал шығысқазақстандықтардың 2022 жылы 4 тоқсанда орташа жалақысы  323 726 теңгені құраған екен. Бірақ 4 тоқсанда орташа айлық жалақының өсуі жыл аяғында сыйлықақы, үстемақы, өтемақы және біржолғы төлемдерді есептегенде еңбекақы қорының ұлғаюымен байланысты боланын Ерназ Нұрланов алға тартты.

Сонымен қатар  2023 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша тіркелген заңды тұлғалар саны 14996 бірлікті құрады және 2022 жылғы сәйкес күнмен салыстырғанда 3,2%-ға артқаны байқалады.

Жұмыс істеп тұрған заңды тұлғалар саны 11555 бірлікті құрады немесе бұл тіркелгендер санының 77,1%-ы. Ал облыстағы шағын бизнес субъектілерінің (заңды тұлғалардың) саны 12156 бірлікті құрады және өткен жылғы сәйкес күнмен салыстырғанда 1,4%-ға артып отыр.

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x