Жетісу облысында бір жылда 140 миллион жуық жолаушы тасымалданды

Dalanews 31 қаң. 2023 05:12 270

Жетісу облысында өткен жылдағы қоғамдық көлік жұмысының қорытындысы бойынша автомобиль көлігімен 139,4 миллион жолаушы тасымалданған. Мәселен, қаңтар айының ортасында Көксу ауданының орталығын елді мекендермен жалғайтын бірнеше бағыттағы жолаушы тасымалы жолға қойылып, Балпық би ауылының ішіндегі қоғамдық көлік қатынастары жаңа бағыттармен толықты. Сондай-ақ күні кеше Кербұлақ ауданының орталығы Сарыөзек ауылында екі бағыттағы маршрут іске қосылды, – деп хабарлайды Dalanews.kz Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап. 

Көксу аудандық әкімдігінің мәліметіне қарағанда, Балпық биден Алматы, Талдықорған, Жаркент, Үштөбе қалаларына қатынайтын автобустардан бөлек, ауданның өз ішінде іске қосылған бағыттар 16 елді мекенді, яғни 47% қамтып отыр. Бұл бағыттарда негізінен «Ақ Нар-А» ЖШС қызмет көрсетуде. Жуырда жолаушы тасымалы қызметіне «Даутов» ЖК да қосылды. Ал аудан орталығының ішінде «Гимиджиев» ЖК шағын автобустары өз қызметін ұсынып отыр.

Ал Кербұлақ ауданының орталығы Сарыөзек ауылының ішінде өткен жылдың қараша айында алғаш рет қоғамдық көлік қатынасы қолға алынған болатын. Осы жылдың қаңтар айының басында екінші бағыт іске қосылды.

Кербұлақ аудандық әкімдігінің ақпаратына сүйенсек, аудандық ТҮКШ бөлімі мен тұрғын үй инспекциясы «Жеңіс» жеке кәсіпкерімен келісімшарт жасасып, соның нәтижесінде тұрғындардың ауыл ішінде діттеген жеріне қиналмай жетуіне жағдай жасалып отыр. Оған қоса жаңа шағынаудан тұрғындарының да орталыққа қатынауы жеңілдеген.


Қазір Сарыөзек ауылында жалпы саны 5 көлік жолаушы тасымалына қызмет көрсетуде. Қоғамдық көлікте оқушылар тегін жүреді, ал ересектер үшін жолақысы – 80 теңге.

Сарыөзектегі Д. Қонаев атындағы орта мектептің мұғалімі Сандуғаш Оспанова – жаңа шағынауданның тұрғыны. Үйі мен жұмысының арасында күнделікті қатынайтын С.Оспанова қоғамдық көлік қатынасының жанданғанына дән риза:

– Елді мекен тұрғындарының жұмысқа, балалардың мектепке, басқа жолаушылардың күнделікті тіршілікпен жан-жаққа баруы оңайлады. Халықтың игілігі үшін атқарылатын осындай оң бастамалар көбейе берсін, – дейді ұстаз.

Жалпы Жетісу облысының жолаушы көлігі және автомобиль жолдары басқармасының мәліметінше, өңірдің маршруттық желісі 75 автобус бағытын қамтиды (6 облысаралық бағыт, 22 облысішілік бағыт, 40 ауданішілік (қалаішілік) бағыт, 7 қала маңындағы бағыт) 18 тасымалдаушы мекеме қызмет көрсетеді, 342 жылжымалы құрам тартылған. 2022 жылғы қоғамдық көлік жұмысының қорытындысы бойынша автомобиль көлігімен 139,4 млн. жолаушы тасымалданды, ал жолаушылар айналымы 1566,3 млн. жолаушы-шақырымды құрады.

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x