Маңғыстауда "Жаңа мамандықтар атласы" жобасы таныстырылды

Dalanews 27 қаң. 2023 13:57 106

Бүгін, 27 қаңтарда аймақ басшысы Нұрлан Ноғаевтың қатысуымен білім сапасын арттыруға бағытталған жобалардың орындалуы туралы кеңес өтті, - деп хабарлайды Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Маңғыстауда өңірдің еңбек нарығына сай «Жаңа мамандықтар атласы» әзірленеді.

Атлас мұнай-газ, ақпараттық технологиялар, білім беру, туризм, көлік және логистика бағыттары бойынша орындалады.

Жоба аясында облыста қандай мамандықтар сұранысқа ие екенін анықтау үшін талдау жүргізілді. Алдағы уақытта 8-11-сынып оқушылары арасында кәсіптік бағдар беру жұмыстары жүргізіледі.



– Жаңа мамандықтар атласының көмегімен еңбек нарығының қажеттілігін болжауға болады. Уақыт өте келе кейбір мамандықтар жойылып, жаңа мамандықтар пайда болады. Мәселен, облысымызда туризм қарқынды дамып келеді. Тиісінше, бізге өңірдің туристік әлеуетін арттыруды білетін мамандар қажет.

Мысалы, бренд менеджері. Бұл брендтің ішкі процестері мен сыртқы коммуникацияларын біліп, барлық маркетингтік ақпаратқа иелік ететін адам.


Бағдарламаның тұжырымдамасы 2023 жылдың наурыз айында бекітіледі деп жоспарланып отыр. Кадрлар қыркүйек айында оқытылады, - деді Ш.Есенов атындағы Каспий технологиялар және инжиниринг университетінің ректоры Берік Ахметов.



Маңғыстау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев тек қаладағы ғана емес, ауыл мектептерінің түлектері де жаңа мамандықты меңгеруі керек екенін атап өтті.

– Еңбек нарығында білікті мамандар тапшылығы болмас үшін кадр даярлауға үлкен көңіл бөлу керек. Ол үшін қалада ғана емес, ауыл мектептерінде де білім сапасын арттыруды жандандыру қажет. Өңіріміздің дамуына үлес қосатын бәсекеге қабілетті жастарды тәрбиелеуіміз қажет, – деді Нұрлан Ноғаев.

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x