Дархан Сатыбалды Жетісайда өртенген базарда болып, кәсіпкерлерге қолдау көрсетіліп жатқанын айтты

Dalanews 16 қаң. 2023 04:33 357

Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды Жетісай аудандағы «Күлпаршын» базарында жүргізіліп жатқан құрылыс жұмыстарымен танысты, – деп хабарлайды Dalanews.kz Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Құрылысты уақтылы әрі сапалы аяқтау жөнінде тапсырма берді. Базар иесі мен кәсіпкерлермен кездесіп, әкімдік тарапынан қолдау болатынын айтты. Олардың ұсыныс-пікірлерін тыңдады.

Кездесуде өзекті мәселелер қозғалды. Жеке нысандағы өрттен кейін 400 адамға 700 млн теңге бөлінген. Саудагерлер қосымша қаражат сұрады. Мәселе қарастырылады.

Жаңа сауда орталығы жақын күндері жұмысын бастайды. Сауда орны жұмысын қайта бастаған соң ондағы кәсіпкерлер сауда орынын 1 жыл тегін пайдаланады.

Сондай-ақ салық органдарымен бірлесіп, салық төлеу мәселесі де қарастырылды. Бұдан өзге банктер және кредиттік ұйымдармен кәсіпкерлердің несиесін төлеуде кем дегенде бір жылға каникул алуға келіссөз жүргізілді. Кездесуде саудагерлер 160 адамға қосымша көмек сұрады.

– Қосымша көмек мәселесін шешуге күш саламыз. Басты мәселе – зардап шеккендер көмексіз қалған жоқ. Қосымша тағы көмек болады. Бұл жағын заң аясында қарастырып көреміз. Жалпы, жекеменшік кәсіпкерлердің шаруасына әкімдік араласа алмайды. Бірақ соған қарамастан, тұрғындар табасынан айрылмау үшін, барынша қолдау көрсетіліп жатыр. Бұған сіздер түсіністікпен қарауларыңыз керек, – деді облыс әкімі.


Зардап шеккен кәсіпкерлердің басым бөлігі басқа сауда орындарына уақытша орналастырылған. Өрттің шығу себебін анықтау бойынша тергеу жалғасуда.

Бұдан кейін облыс әкімі Дархан Сатыбалды аймақты дамыту бағытындағы жұмыстарды қадағалады. Ол аудандағы бірнеше кәсіпорын мен нысанды аралап, жергілікті басшыларға мемлекеттік бағдарламалардың мүмкіндігі мен игіліктерін тұрғындарға түсіндіруді, оларға көмектесуді тапсырды. Жаңа жобаларды жүзеге асыру қажеттігін айтты.

– Елді мекендердің әлеуметтік инфрақұрылымын реттестірумен бірге, ауыл тұрғындарын жұмыспен қамту, табыс көзін қалыптастыру қатар жүруі керек. Бұл бағыттағы жұмыстарға басымдық беріледі. Осы екі бағытты бір-бірінен бөлуге болмайды, – деді облыс әкімі.

Сапар барысында облыс әкімі Жетісай ауданы, Жаңа ауыл ауылдық округінің Ынтымақ елді мекенінде орналасқан медицина орталығында болды. «Қыдыр ата» медициналық орталығы күніне 100 азаматқа дейін қызмет көрсетеді.

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x