Cоңғы жаңалықтар
Back

Жиналысқа үнсіз келіп, үнсіз кетесіздер! – әкім

Білім ошақтарындағы қауіпсіздік күшейтіледі. Мектепке дейінгі және орта білім беру ұйымдарын бейнебақылау жүйелерімен 100% қамтамасыз ету туралы Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, Түркістан облысында 1381 (328-мемлекеттік,1053-жекеменшік) балабақша мен 983 (908 – мемлекеттік, 75 –жекеменшік) мектеп бейнебақылау жүйелерімен 100% қамтамасыз етілді. Облыс әкімі Дархан Сатыбалды бұл бағытта атқарылып жатқан жұмыстармен танысып, жауапты басқармаларға нақты тапсырмалар берді, – деп хабарлайды Dalanews.kz.

Түркістан облысының адами әлеуетті дамыту басқармасының басшысы Дінислам Болатханұлының баяндауынша, облыстағы 770 мемлекеттік мектептің бейнебақылау жүйелері Полиция департаментінің жедел басқару орталығына (ЖБО) қосылады.

Кейбір мектептер таулы аймақтар мен шалғай өңірлерде орналасқандықтан және интернет жылдамдығының төмендігінен байланыс арналарының техникалық мүмкіншілігі болмауда. Сондай-ақ, ауысу мерзімі таяғаны тағы бар. Облыс басшысы білім ошақтарындағы мәселелерге көз жұма қараған әкімдерді қатаң сынға алды.

– Тапсырманы орындау керек. Бұл – балалар үшін. Олар жайлы жағдайда өссе, болашақта да соған ұмтылады. Аудан, ауыл әкімдері, бұлар – сіздердің де балаларыңыз. Белсенді қатысып, ұсыныс беріп отырсаңыздар. Жиналыстан үнемі үнсіз кетесіздер. Не жұмыс жоқ, не ұсыныс жоқ. Мектептердегі мәселені «маған қатысы жоқ» деп құр отыра бермей, жанашырлық танытыңыздар. Интернет бойынша операторларға неге өздеріңіз шықпайсыздар? Халықпен кездесуде бұл мәселелер жиі көтеріледі. Сіздердің аумақта болып жатқаннан кейін, құрылыс болсын, жол болсын, мектептердегі проблема болсын, олар бойынша сіздер ұсыныс берулеріңіз керек, – деді Дархан Сатыбалды.

Басқосуда мемлекеттік-жекешілік әріптестік шеңберінде білім ұяларындағы дабыл батырмаларын орнату барысы да баяндалды. Түркістан облысында жалпы 983 мектеп (оның: 908-мемлекеттік, 75-жекеменшік) жұмыс істесе, онда 514 мыңнан астам оқушы білім алады. Ал облыстағы 52 колледжде (оның: 29 – мемлекеттік, 23 – жекеменшік) 38 мыңға жуық студент білім алса, 1364 балабақшада (266 – мемлекеттік, 55 – шағын орталық, 1043 – жекеменшік) 150 мыңнан астам бала тәрбиеленуде. Жалпы, білім беру ұйымдарындағы қауіпсіздікіті қамтамасыз ету мәселесі тұрақты бақылауда.

Тағы оқыңыз:

Түркістан облысында мектеп директорларын тағайындау конкурсы тікелей эфирде өтті

Имамдардың қайырымдылық акциясын Қошанов пен Сәтқалиев жалғай ала ма?