Елорда мешіттері аязды күні қайырымдылық шарасын өткізіп, халыққа ыстық ас пен тегін такси қызметін ұсынды

Dalanews 11 қаң. 2023 13:53 257

Бүгін елорда мешіттері астаналықтарға тегін такси және коммуналдық қызметкерлерге ыстық асты ұйымдастырды. Науқанға «Көктал» мешітінің бастауымен қаланың барлық мешіті ат салысты.

Науқан кезінде қайырымдылық шарасына қатысқан такислер аязды күндері тұрғындарды қала бойынша тегін тасымалдады. Акцияға 20 жүргізуші қатысты. Осы ретте жүргізуші ретінде мешіттердің имамдары мен шәкірттері қатысты.

– Мұндай акцияларды бірнеше жылдан бері өткізіп келеміз. Астананың аязды күндерінде азаматтарымызға қол ұшын созғымыз келеді. Басқа жүргізушілерді де акцияға қосылуға және тұрғындарға көмектесуге шақырамыз, – деді Астана қаласының және «Әзірет Сұлтан» мешітінің бас имамы Ерболат Жүсіпов.

Ал еріктілер жол жұмысшыларына ыстық шай мен палау таратты. Коммуналдық ұйымдардың 200-ге жуық қызметкері қамтылды. Жұмысшылардың барлығы – қала бойыша қар күреп, тазалықпен айналысып жүрген жұмысшылар.


Сонымен қатар жылыту маусымының соңына дейін демеушілік көмек арқылы мешіт бірқатар отбасыға көмір сатып алуына қол ұшын созып, азық-түлік себеттерімен қамтамасыз етті.

Тұрғындарды тегін тасымалдау науқаны аязды күндердің соңына дейін жалғаспақшы. Тегін таксилерді автомобиль корпусындағы жапсырма арқылы ажыратуға болады.

Естеріңізге сала кетейік, дәл қазір Астананы саршұнақ аяз қысып тұр. Термометр бағаны – 30 градустан төмен көрсетуде.

Қаланың коммуналды қызметтері күндіз-түні тоқтаусыз жұмыс істеуде. Мұндай кезеңде қала тұрғындары мен қонақтары абай болуы керек. Сонымен қатар көктайғақ кезінде қозғалыс ережелерін қатаң сақтаудың маңызы зор.

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x