Еліміздегі күнбағыс майының 66 пайызын Шығыс Қазақстан өндіріп отыр

Dalanews 02 желт. 2022 13:50 154

Президент Тоқаев биылғы Жолдауында еліміздің агроөнеркәсіп секторын дамыту бойынша салалық министрлік пен өңір әкімдеріне нақты міндет жүктеген еді. 

Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниал Ахметовтың атап өткеніндей өңірде өсімдік шаруашылығын дамыту бағдарламасы іске асырылып жатыр, тиімділігі жоғары дақылдардың алқаптарын ұлғайта отырып, егістікті әртараптандыру жүргізілуде.

«Шығыс Қазақстанға елімізде өсірілетін күнбағыс көлемінің 66%-ы келетінін ескерсек, біздің басты міндетіміз – оны қайта өңдеу көлемін ұлғайту», — дейді ол.

Нарыққа жоғары сапалы дайын өнімді шығару үшін осы жылдың басынан бері облыста қуаты 300 мың тонна ірі май экстракциялау зауыты («Altyn Shyghys» ЖШС) пайдалануға берілді, Өскемен қаласында қуаты жылына 50 мың тонна күнбағыс майы зауыты («ALTAI MAI» ЖШС) салынып жатыр.

Осылайша, жаңа май экстракциялау зауыттарының іске қосылуы жұмыс істеп тұрған өндірістерді ескере отырып, қайта өңдеу көлемін 1 млн тоннаға дейін, өсімдік майларының экспортын 1,3 есе ұлғайтуға мүмкіндік береді.

Ахметовтың айтуынша өңір басшылығы аймақтағы бизнес-ахуалды жақсарту және кәсіпкерлікті жан-жақты қолдау бағытында ауқымды іс-шаралар атқаруда.

"Шағын және орта бизнес – нақты сектор тиімділігінің маңызды көрсеткіші, бұл сала біздің жұмысымыздың басымдығы болып қала бермек", — деді әкім.

Әкім мәлім еткендей биылғы жылдың басынан бастап барлық мемлекеттік бағдарламалар аясында 4,4 млрд теңгеге шағын және орта бизнестің 98 жобасы субсидияланып, кепілдендірілді, бұл негізгі капиталға инвестициялар көлемінің 107,2%-ға (174,7 млрд теңге) және ШОБ-тан бюджетке төленетін төлемдердің 116,6-ға (54 млрд теңге) өсуіне ықпал еткен.

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x