2023 жылы Алматыда кәсіпкерлерге арналған ипотека іске қосылады

Dalanews 17 қар. 2022 11:05 373

Алдағы жылы Алматы шаһарында өнім өндірумен айналысатын кәсіпкерлерге арналған тиімді ипотека жүйесі іске қосылады. 

Жоба «Алматы» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы арқылы жүзеге асқалы отыр.

Бағдарлама игілігін шағын өндірістік парк құруға не сондағы белгілі бір аумақты сатып алуға ниеттілер көре алады.

Болжам бойынша кәсіпкерге 7 жылға дейінгі аралықта 500 млн теңге көлемінде несие беріледі.

Сыйақы мөлшерлемесі оңтайлы, қолайлы.

Айталық, 70 млн теңгеге дейінгі қарыз үшін жылдық 2 пайызбен, ал 70 млн теңгеден асса жылдық 6 пайызбен беріледі.

Шағын өндірістік парктен алынатын нысан кепілдікке қойылады. Бұл өнім осылайша кәсіпкерлікті қорғау бағдарламасы бойынша банктерге ұсынылады.

Алматыда қазір 8 өндірістік парк бар, тағы 11-і салынып жатыр. 2030 жылға қарай оның саны 100-ге жетеді.


Айта кетелік Алматы Индустриалды аймағы жеке кәсіпкерлікке мемлекеттік қолдау көрсету мақсатында құрылды және Алматы қаласында өнеркәсіптің басым салаларын (машина жасау, тамақ, жеңіл, фармацевтика, химия өнеркәсібі, логистика, құрылыс материалдарының өндірісі) дамыту үшін көзделген.

Бұл ретте, өнеркәсіп кәсіпорындарын қаланың тұрғын ауданынан басқа жаққа қайта орналастыруға, технологиялық, инновациялық өнімдер шығаруға, импортты ауыстыруға бағытталған инвестициялық жобаларға басымдық беріледі.

Алматы Индустриалды аймағында 2,9 мың жұмыс орны құрылған.

Бүгінде Алматы Индустриалды аймағында жеке инвестициясы      119,8 млрд. теңгені құрайтын 20 жоба іске асырылды, 647,5 млрд. теңгеге өнім өндірілді, 20,7 млрд. теңге салық аударымдары төленді, 2 913 жұмыс орны құрылды.

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x