Жеңіс Қасымбек Астанадағы ауыз су және газ жылу станциясының құрылысымен танысты

Dalanews 12 желт. 2022 16:12 183

Бүгін Астана қаласы әкімі Жеңіс Қасымбек газ жылу станциялары, ауыз су станциялары мен ЖЭО-3 құрылысының барысымен танысты. Әкім жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы ойын ортаға салып, нақты тапсырмалар берді, – деп хабарлайды Dalanews.kz

– Қалада жайлы өмір сүру – тіршілікті қамтамасыз ету жүйелерінің жұмысына байланысты. Қала тұрғындарының саны жыл сайын өсіп келе жатқанын ескере отырып, жұмыс істеп тұрған тіршілікті қамтамасыз ету нысандарының қабілеттілігіне көңіл бөліп қана қоймай, жаңаларын да салу қажет, – деді Жеңіс Қасымбек.

Әкім қаланы аралау барысында осыған дейін құрылысы басталған нысандардың жұмысымен танысты. Осылайша қала басшысы газ жылу станциялары, ауыз су станциясы (ССС-3), ЖЭО-3 құрылыс басында болды.

Әкімдік елордада салынып жатқан «Тұран», «Оңтүстік-Шығыс» газ жылу станциясын алдағыжылдың жылыту маусымынан бастап іске қосу жоспарланып отыр.


Олар жылумен жабдықтау көлемін едәуір арттыруға, құрылысы қарқынды түрде жүріп жатқан болашақ аудандарды жылумен қамтуға мүмкіндік береді. Жаңа газ жылу станцияларының қуаты ЖЭО-3 қуатынан асып түседі. Мәселен «Тұран» газ жылу станциясы 8 млн шаршы метр тұрғын үйді жылыта алады.

ЖЭО-3-ке тоқталар болсақ, қалаға қажетті нысанның ұзақ құрылымды екені белгілі. 2023 жылы ЖЭО-3 жұмысын іске қосу міндеті қойылған. Оның қуаты – 3,5-4 млн шаршы метр тұрғын үйге жылу беруге жетеді.

Сол сияқты қаланы қосымша ауыз сумен қамтамасыз ету қажет. Ауыз су станциясының да (ССС-3) толық іске қосылуы келесі жылға жоспарлануда. ССС-3 қуаты – тәулігіне 100 текше метр судан асады.

Қаланың қазіргі даму қарқынына сәйкес жаңа тіршілікті қамтамасыз ету нысандарының да қуаты жеткіліксіз болады. Сол себепті Астананың 2035 жылға дейінгі Даму бас жоспарының жобасына қосымша ауыз су станцияларының, жылу станцияларының құрылысы жоспарланған.

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x