Айдарбек Сапаров алғашқы жұмыс күні Петропавлдағы апатты жоюға күш салды

Dalanews 01 желт. 2022 20:48 398

Солтүстік Қазақстан облысының күні кеше ғана тағайындалған жаңа әкімі Айдарбек Сапаров алғашқы жұмыс күнін Петропавлдағы апат орнында өткізді, – деп хабарлайды Dalanews.kz.

Осылайша Айдарбек Сапаровтың алғашқы жұмыс күні сынақпен басталды.

Петропавлдағы су желісінде ірі апат болып, қаланың бірнеше ауданы бірер сағатқа сусыз қалды.

Түнде өңір басшысы осы салаға жауапты орынбасары Сәтжан Аблалиевпен барып жағдайды көзімен көрді.

Бұл жайында әлеуметтік желіде әкімнің баспасөз қызметі хабарлады.

Петропавлда әзірге су беру толық қалпына келген жоқ. Апат болған ауданда өткен түнде 15 көпқабатты үй мен бірнеше әлеуметтік және коммерциялық нысандар сусыз қалған еді.


Оқиға орнында апаттық бригада түнімен жұмыс істеп, алты үйдегі жағдай қалыпқа келді. Қазіргі уақытта 600-ден астам абонент сусыз отыр.

– Жөндеу жұмыстары бір минут та тоқтаған жоқ. Апаттың себебі анықталады. Әзірге құбырдың жарылуына нақты не себеп болғанын айту қиын. Екі құбыр қосылған жер сөгіліп кеткен. Бұл жерде былтыр жөндеу жұмыстары жүргізілген еді. 100 млн теңгеден астам қаражат жұмсалды. Диаметрі 800 болатын 308 метр құбыр ауыстырылды. Шығын көлемі әзірге белгісіз. Кепілдік мерзімі аяқталған жоқ. Сондықтын біздің және тұрғындардардың шығынын мердігер компания өтейтін болады, – деді «Қызылжар Су» ЖШС бас инженерінің орынбасары Ербол Нәбиев.

Естеріңізге салайық, Петропавлда кеше сағат 18.00 шамасында су желісінде апат болып, қала тұрғындары сусыз қалған еді.

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x