Эстон кәсіпкерлері Алматыға инвестиция құюға әзір. Қала басшылығы оларға не ұсынады?

Dalanews 12 қар. 2022 14:40 169

Алматы кәсіпкерлері Эстонияның Орталық Азия елдеріндегі елшісі Тоомас Тирс бастаған эстониялық кәсіпкерлер делегациясымен кездесті.

2022 жылғы қаңтар-қыркүйекте Қазақстан мен Эстония арасындағы тауар айналымы 69,3 млн долларды құрады, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 5 есе көп. 2022 жылдың 9 айында Алматы қаласының негізгі капиталына салынған инвестициялар көлемі 974,4 млрд теңгені құрады.

Осы кезеңдегі негізгі инвестициялар жылжымайтын мүлікпен операциялар, көлік және қоймалау, өнеркәсіп, қаржы және сақтандыру қызметі, сондай-ақ білім беру сияқты салаларға тиесілі болғанын Алматы қаласы Кәсіпкерлік және инвестициялар басқармасының сыртқы экономикалық қызмет бөлімінің маманы хабарлады.

Сарапшы Ақеркін Ералиева екі елдің тығыз экономикалық қарым-қатынасын атап өтті.

«Биыл Қазақстан мен Эстония маңызды оқиға – дипломатиялық қатынастар орнаған күннен бастап 30 жылдық мерейтойды атап өтуде. Екіжақты қатынастардың дәйекті дамуы ынтымақтастыққа деген өзара қызығушылықтың өсуін көрсетеді: барлық деңгейлерде тұрақты саяси диалог сақталады, делегациялармен алмасу жүзеге асырылады, шарттық-құқықтық базаның берік негізі құрылды. Қазақстан-Эстония қатынастарының деңгейі олардың өсіп келе жатқан әлеуеті мен ынтымақтастықтың берік базасын айғақтайды», – деді Ақеркін Ералиева.

Бүгінгі таңда Алматы қаласында 23 эстониялық кәсіпорын тіркелген, оның 12-сі жұмыс істеп тұр.


Алматы қаласы кәсіпкерлер палатасының директоры Айтуар Қошмамбетовтің айтуынша, Алматыда еліміздің сыртқы саудасының 1/5 бөлігі қалыптасады.



Эстония Республикасының Орталық Азия елдеріндегі елшісі Тоомас Тирс Эстония тарапының сауда қатынастарын жолға қоюға үлкен қызығушылығын атап өтті:

«Біздің делегация Қазақстанда елеулі серіктестер тапқанына өте қуаныштымын. Бізді экспорт пен импорт қызықтырады. Қазір геосаяси қақтығыстарға байланысты логистика қиын, бірақ бұл елдеріміздің тауар айналымына айтарлықтай әсер еткен жоқ. Туындаған мәселелердің шешімін табуға болады. Біздің делегация құрамында теміржол қызметінен бастап менеджментке дейінгі экономиканың түрлі салаларының өкілдері бар», – деп атап өтті елші.

Алматыда арнайы индустриялық аймақ жұмыс істейді, оның жалпы ауданы 490 га, онда инвестициялық жобаларды іске асыруға 229,4 га бөлінген. АЭА қатысушылары үшін салық салу, кедендік және жерді реттеу бөлігінде арнайы режим, сондай-ақ шетелдік жұмыс күшін жалдаудың оңайлатылған тәртібі қолданылады.


«Қазіргі кезде индустриялық аймақта отандық және шетелдік қатысуы бар жалпы сомасы 280 млрд теңгеге 70-тен астам жоба іске асырылып жатыр», – деді «Алматы индустриялық аймағы» ЖШС» директорының орынбасары Арслан Абдамит.

Кездесу барысында Қазақстанда бизнес құру, сондай-ақ local AML laws and regulations және «Doing Business IN KAZAKHSTAN 2022» баяндамалары тыңдалды. Екіжақты өзара тиімді ынтымақтастықты орнату үшін екі елдің бизнес өкілдері арасында B2B келіссөздері жүргізілді.

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x