Инвестиция? Алматыда 60-қа жуық трансұлттық корпорация жұмыс істейді

Dalanews 25 қар. 2022 14:26 223

Алматы кәсіпкерлер палатасының директоры Айтуар Қошмамбетов Алматы қаласының экономикалық әлеуеті туралы егжей-тегжейлі айтты.

Оның мәлім еткеніндей Алматы қаласы бүгінгі күні Қазақстан ЖІӨ-нің 20%-ын қамтамасыз етіп отыр. Бұдан бөлек бүкіл салық төлемдердің 25%-ы Алматының үлесінде.

Жыл басынан бері қала экономикасына 930 миллиард жеке инвестиция тартылған. Кәсіпкерлік тұрақты дамып келеді. Шағын және орта бизнес субъектілерінің саны 30 пайызға өскен.

"Сауда саласының 36 пайызы осында орналасқан, 60-қа жуық трансұлттық корпорация Алматыда жұмыс істейді.  Осы бағытта Алматы кәсіпкерлер палатасы қала аумағында орналасқан шетелдік компаниялардың өкілдіктері мен филиалдарына көмек көрсетуге қашанда дайын», – деді Айтуар Қошмамбетов.

Айта кетелік, Алматыға жасаған ресми сапары барысында президент Тоқаев қаланың орташа кіріс тұзағына түскенін, одан шығу үшін экономиканы терең әртараптандыру қажет екенін атап өткен еді.


Бұдан бөлек Алматы қаласы мен Алматы облысының әкімдеріне Алматы агломерациясының аясында өңдеу өнеркәсібін бірлесіп дамытуды тапсырған.

Сондай-ақ осы мақсатта жыл аяғына дейін екі аймақтың тығыз ынтымақтастығына негіз болатын "Агломерацияларды дамыту туралы" жаңа Заң қабылданатынын айтқан болатын.

Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздегі IT компаниялардың 40 пайыздан астамы Алматыда орналасқанына тоқталып, азаматтардың маңызды бастамаларын жүзеге асыру үшін жақын арада қалада хабтар мен кластерлер іске қосылатынын жеткізген.

Сондай-ақ бастапқы қаржыландырылу сомасы 10 миллиард теңге болатын қалалық венчурлық қор құру жөніндегі жергілікті биліктің идеясын қолдайтынын атап өтіп, бұл жобаға жеке кәсіпкерлерден қаржы тартудың маңызды екенін айтқан-тұғын.

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x