Алматы шағын және орта кәсіп нысандарының саны жөнінен көш бастады

Dalanews 23 қар. 2022 13:07 205

Ұлттық статистика бюросының дерегінше, бір жыл ішінде елімізде жұмыс істеп тұрған шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің саны 22,6%-ға өскен. 

Биылғы 1 қарашадағы жағдай бойынша олардың саны 1 732 696 субъектіні құрап отыр.

Оның жалпы санындағы жеке кәсіпкерлер үлесі – 67,3%, шағын кәсіпкерліктегі заңды тұлғалар – 19%, шаруа немесе фермер қожалықтары – 13,5%, орта кәсіпкерліктегі заңды тұлғалар үлесі – 0,2%.

Тіркелген ШОК субъектілерінің саны бойынша Алматы көш бастады. Бизнес орталық ретінде танылған шаһарда 343 мың кәсіпкерлік бар, оның 277 мыңы тұрақты жұмыс істеп тұр.


Шаһар басшысы Ерболат Досаевтың атап өткеніндей ұлттық экономиканың бестен бірін, мемлекеттік бюджет кірісінің төрттен бірін, сонымен қатар Қазақстандағы  сауда операцияларының 35 пайыздан астамы Алматы қаласына тиесілі.

"Алматы қаласын бизнес пен капиталдың орталығы деп тегін айтпаса керек. Қаладағы шағын және орта бизнес өкілдері  шаһар экономикасының 47,5 пайызын қамтып отыр, оған қоса алматылықтарды тұрақты жұмыс көзімен қамту ісінің 65 пайызы да осы шағын және орта бизнес өкілдерінің еңбегі. Жұмыс беруші орынның  65 пайызы кәсіпкерлер деген сөз", – деген еді Ерболат Досаев.

Алматыдан кейінгі үздік үштікте Астана (224 мың субъект, 196 мыңы жұмыс істейді) және Түркістан облысы (178 мың субъект, 175 мыңы жұмыс істейді) тұр.

"Экономикалық қызмет түрлері бойынша жұмыс істеп тұрған субъектілер арасында 601 мыңы көтерме және бөлшек саудамен, автомобильдерді жөндеумен айналысады.

Ал, 269 мың субъект ауыл, орман және балық шаруашылығы саласында жұмыс істесе, құрылыс саласында 92 мың субъект бар. ШОК субъектілері санының үлесі электр энергиясы, газ және бумен жабдықтау секторында аз (1 769)", - делінген хабарламада.

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x