«Алатау жастары». Бағы жанған жастар баспаналы болады

Dalanews 24 қар. 2022 16:03 297

«Тұрғын үймен қамтамасыз ету – мемлекеттің әлеуметтік саясатындағы басымдылық». Осылай деген мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қараша халықты баспанамен қамту ісіне түбегейлі өзгеріс енгізу керектігін айтып, Үкіметке тапсырған болатын. 

Президент өз сөзінде «Басқаша айтқанда, өзіміздің азаматтарды тұрғын үймен қамтамасыз ету мәселесіне жіті көңіл бөлінетін болады. Бұл жұмыс жемісін беретін күн де алыс емес деп, ойлаймын», – деп сөзін нақтылай түскен еді.

Тоқаевтың тапсырмасынан кейін өңірлерде халықты тұрғын үймен қамтамасыз ету үшін түрлі пилоттық жобалар бастау алды. Кезек жеке дара бөлініп шыққан Алматы облысына да келіп жеткен жайы бар.

Республика бойынша 6 пилоттық жоба іске асып жатса, соның бірі Алматы облысына тиесілі. «Алатау жастары» деген атауды алған бұл бастама талайдың «үй аламын» деген үмітін үкілеткені анық.

Қараша айының басынан құжат жинауды бастаған жоба мәресіне жетуге аз қалды. Ағымдағы жылдың қарашаның 31 жұлдызында өтінім қабылдау тоқтатылады.

Айналасы 25 күннің ішінде үй аламын деген арманына қанат бітіріп, құжаттарын өткізбекке ниетті 2000 адамнан өтінім келіп түскен. Олардың тек жартысының, яғни, бір мың азаматтың құжаты қабылдаудан өткен.

– Басты себеп, халықтың шартты дұрыс түсінбеуінде», – дейді Алматы облысы жастар ресурстық орталығының басшысы Мақсат Кенешов. – Алматы облысы екіге бөлінгеннен кейін аз уақыттың ішінде жастарға арналған тұрғын үй бағдарламасы іске қосылды. Әрине, бұл тың бастама облыс жастарына үміт сыйлағаны анық. Алайда, насихат жұмыстарының жеткілікті деңгейде болмауына байланысты Алматы қаласының тұрғындары бізге құжаттарын өткізген жағдайлар кездесті. Жобаның бірінші кезеңінің аяқталуына санаулы күндер қалсада, жастар өз өтінімдерін қалдыра алады, –деді Мақсат Кенешов.


Бұған дейінде айтылғандай бағдарламаға 35 жасқа дейінгі азаматтар қатыса алады.

Қатысушы Қазақстан Республикасының азаматы болуы тиіс. Сондай-ақ, жұбайының (зайыбының) жасына қарамастан, бағдарламаға қатысу үшін өтініш берген кездегі бағдарламаға қатысушының жасы 35 жасқа дейін (қоса алғанда). Бағдарламаға негізгі қатысушы ретінде қатысуға ерлі-зайыптылардың біреуі ғана рұқсат етіледі.

Бағдарламаға қатысушыда және оның отбасы мүшелерінде соңғы 5 (бес) жылда Қазақстан Республикасының аумағында сатып алу құқығымен жалға берілетін тұрғын үйдің немесе меншік құқығындағы тұрғын үйдің (ерлі-зайыптылардың ортақ бірлескен меншігі, өтінішке енгізілетін отбасының басқа мүшелерімен бірлесіп ортақ үлестік меншік) болмауы керек.

Қатысушының таңдалған саладағы ресми жұмыс өтілі Алматы облысында өтініш берген сәтте соңғы бір жылдан кем емес, зейнетақы шотынан үзінді көшірмемен расталатын болады.

Естеріңізге саламыз, несие сомасы 10 млн теңге. Бастапқы жарна талап етілмейді. Егерде, қатысушы екінші деңгейлі үйді сатып аламын деп шешім қабылдаса онда 10 пайыз жарна салуы қажет. Сонымен қатар, көздеген үй бағасы берілген қаражаттан асып кетсе, қалған қаржыны өзі қосуы шарт.

Пайыздық мөлшерле – жылдық 5%-ға дейін. Ал қарыз мерзімі – 19 жылға дейін


Ең басты талап – төлем қабілеттілігін растау.

Банктің ішкі құжаттарына сәйкес жүргізілетін кредиттік тұрғын үй сатып алу үшін салымшы болып табылатын бағдарламаға қатысушының қаржылық мүмкіндіктері айқындалатын болады.

Ескертетін жайт, қатысушылар құжаттарын өткізгеннен кейін комиссия мүшелері арнайы талаптрды қарастырып, балдық жүйемен бағалатайтын болады. Ең жоғары балдың жиынтығы 325,5 ұпайды құрайтын болады.

Облыстық жастар орталығының айтуынша, алғашқы жылы 60 үйге, 600 млн теңге қаржы бөлінген.  Келер жылы бұл көрсеткіш ұлғайуы мүмкін.

– Биыл бірінші рет өткізілгендіктен жобаға насихат аз болды. Келесі жылы жалғасын тапса, ақпараттандыруға ден қою керек деп ойлаймын. Жалпы жоба жастардың үй алуына үлкен мүмкіндік береді. Талаптарға көз жүгіртсеңіз көптеген жеңілдіктер қарастырылған. Бағы жанған адам баспаналы болады, – деп атап өтті Мақсат Кенешов.

Айта кетейік, бүгінгі күні арнайы «Call-орталық» жұмыс жасап отыр.  +7 775 789 21 60 байланыс нөмірі арқылы толық ақпаратты алуға болады.

Жастар саясаты бағытындағы биылғы жылдың басты жобасы мәресіне жетуге таяу. Жауаптылардың сөзіне сенсек, жаңа жыл мерекесінің қарсаңында жоба қатысушылары қоныс тойын тойлап бастайды деп күтілуде.

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x