Маңғыстау облысында жас жұбайлар некелерін қидыра сала бірден дауыс беруге барды

Dalanews 20 қар. 2022 16:24 340

Ақтаудағы №253 сайлау учаскесінде жас жұбайлар дауыс берді, – деп хабарлайды Dalanews.kz Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Некеге тұрған ерлі-зайыптылар үшін 20 қараша естен кетпес ерекше күн. Олар осы күні шаңырақ көтерумен қатар, отбасы ретінде бірге дауыс берді.

Шаңырақ көтерген Саламат Жаманбай мен Динара Қырым осы күнге сәйкес келген президенттік сайлау күнін елеусіз қалдырған жоқ. Ресми түрде Неке сарайындағы рәсімнен соң №253 сайлау учаскесіне асыққандарын айтады. Сайлауда оларды көпшілік ерекше құрметпен қарсы алды.

Дауыс беруден кейін жас отбасының отағасы өзінің дұрыс таңдау жасағаны туралы пікір білдірді.

– Президент сайлауы – бұл әр адам үшін өмірдегі маңызды күн. Бұл күні әркім өзінің азаматтық таңдауын жасайды. Бірінші кезекте, еліміздің әрбір азаматы өзі таңдаған үміткерге дауыс берді. Бір еліміздің патриоты ретінде бұл күнді назардан тыс қалдырған жоқпыз, – деді Саламат Жаманбай.  


Ақтаудағы мектептердің бірінде мұғалім болып жұмыс істейтін жас келін Динара сайлаудан үнемі қалыс қалмайтынын тілге тиек етті.

– Біздің некеге тұрған күніміз Президент сайлауымен тұспа-тұс келді. Біз жас отбасы ретінде өзіміздің сайлау уческемізге келіп таңдау жасауды дұрыс деп шештік. Өзіміздің қалауымызға қарай дұрыс таңдау жасадық деп санаймын, – деді Динара Қырым.

Жас жұбайлар сайлау учаскесінің мүшелері мен сондағы жиналғандарды кешке өтетін үйлену тойларына шақырды.

№253 сайлау учаскесінің төрағасы Берді Қазиевтің сөзінше, аталған нысанға дауыс беру үшін 2 614 адам тіркелген. Олардың арасында 22 азамат алғаш рет дауыс беруге қатысқан. Сонымен бірге, 47 адамның жасы жетпістен асқан. Ал мүмкіндігі шектеулі үш адам дауыс беруге үйінде отырып қатысты.

 

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x