Жетісу облысында 3 мың тұрғын газға қол жеткізді

Dalanews 19 қыр. 2022 12:02 209

Қылышын сүйретіп қыста келетін күн алыс емес. Аймақтарда бүгінгі күнге жылыту маусымына дайындық қызу жүріп жатыр. Бұл істен отауын бөлек тікке Жетісу облысы да қалыс қалмасы анық. Қазіргі кезде өңір қысқы кезеңге сақадай-сай. Бұл – туралы Жетісу облысының Энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысының орынбасары Данияр Ысқақов айтып берді.

 

– Данияр Меделбекұлы, жаңа облыстың жылыту маусымына дайындығы қалай?

– Ағымдағы жылы 2022-2023 жылдардағы жылыту маусымына дайындық және оны өткізу үшін облыс бюджетінен 8,3 млрд теңге қарастырылған. Оның 2,4 млрд теңгесі жылумен жабдықтау нысандарын жөндеуге, 5,9 млрд теңгесі отын сатып алуға жұмсалады.

Сондай-ақ жөндеу жұмыстарын қаржыландыру үшін жалпы кәсіпорындардың жеке қаражаты – 419 млн теңге деп бекітілген.

2022-2023 жылдардағы жаңа жылыту маусымына дайындық бойынша энергиямен жабдықтаушы ұйымдардың жөндеу жұмыстарының арнайы жоспары құрылды.

Осы жоба-жсоапрыдың шеңберінде 2 турбина, 31 қазан, 12 шақырым жылу трассасы мен 12,1 мың шақырым электр желілері, 2 163 трансформаторлық қосалқы станцияларға жөндеу жұмыстарын жүргізіп, жылыту маусымына дайындадық.

Сонымен қатар 1 024 әлеуметтік сала объектілері оның ішінде  489 білім беру 313 денсаулық сақтау, 222 әлеуметтік мәдени-тұрмыстық нысандары және де  1 638 көппәтерлі тұрғын үй жылыту маусымына толық тексеруден өтіп, дайындығы толықтай пысқталды.  Қазіргі таңда барлық ғимараттар қысқы мерзімге дайын деп нық сеніммен айтуға болады. Облыс пен аудан орталғындағы инженерлік құрылымдар ойдағыдай жұмыс істеп тұр.

– Өңірдегі кәсіпорындарды отынмен қамту ісі қалай жүргізілуде? Олардың қажеттіліктері өтіліп жатыр ма?

– Бүгінгі таңда энергиямен жабдықтаушы кәсіпорындар мен бюджеттік ұйымдар үшін отын сатып алу жұмыстары жүйелі түрде іске асыуда. Облысымыздағы жылумен қамтамасыз ететін кәсіпорындарға барлығы 391,5 мың тонна көмір мен 10,1 мың тонна мазут қажет.

Кәсіпорындардағы көмір қалдығы 87,2 мың тоннаны, мазут – 2,5 мың тоннаны құрайды. Ал бюджеттік ұйымдар үшін сұйық отынның қажеттілігі 10,5 млн литрді құрады. Қазіргі кезде 10,1 млн литр сатылып алынған. Егер бұны пайызға шағатын болсақ, облыс аумағындағы сұйық отынмен жұмыс істейтін энергиямен жабдықтаушы мекемелер өзіне қажетті сұйық отын  көлемі 96%-ға жинақталғанын байқауға болады. Жеткізілгені 8 млн литр сұйық отын ол бекітілген лимиттің 75%-ы.

– Жетісу жерінде көмір тапшылығы ара-тұра байқалып қалатынын білеміз.  Қорда қатты отын көлемі жеткілікті ме?

– Облыс бойынша жалпы қажеттілік 505 мың тоннаны құрайды. Барлығы 332 мың тоннасы сатылды, оның 315,9 мың тоннасы халыққа таратылып берілді.  Дәл қазіргі кезде облыстағы теміржол тораптары мен қоймаларда 15,5 мың тонна көмір қоры бар. Негізінен мамыр-тамыз айларына жеткізу жоспары 161,7 мың тоннаны құрады. Нақты жеткізілген көмірдің көлемі 130,2 мың тонна. Облыс аумағына Қаражырадан 62,4 мың тонна көмірі, Шұбаркөлден 67,8 мың тонна көмірі жеткізілгенін атап айтуға болады.

– Алдағы уақытта тағы да көмір келеді ме?

– Жоспар бойынша қазан айында Жетісу облысына Шұбаркөлден 609 вагон, Қаражырадан 493 вагон көмірі әкелінуі керек болатын. Бұлардың жалпы көлемі 76 мың тоннаны құрайды. Осы кезде нақты жеткізілгені 9,8 мың тонна немесе 13% тиелген. Бүгінде тәулігіне орташа есеппен 23 вагон, яғни 1 587 тонна көмір келіп жинақталуда. Әлі жеткізілмеген  10 626 тонна, яғни 154 вагон қатты отын бар. Айта кеттетін бір жайт, аудан және қала әкімдіктерінің ақпараттары бойынша қоймалар мен теміржол тұйықтарында бір тонна көмірдің орташа бағасы 14 800-23 000 теңгеден саудалануда.

– Осы ретте Жетісу облысы жұртшылығын көгілдір отынмен қамту мәселесіне тоқталып өтсеңіз, аймақтағы ахуал қандай?

– Ағымдағы жылы газ тарату желілерін салу бойынша 26 жобаны іске асыруға бюджеттен 7,8 млрд теңге бөлінді. Оның ішінде 12-і ауыспалы және 14-і жаңа нысандар. Көксу ауданында – 4, Қаратал ауданында – 11, Ескелді ауданында – 7, Талдықорған қаласында – 3, Текелі қаласында – 1. Аталған өңірлерде жалпы ұзындығы 492 шықарым газ құбыры тартылғанын айта кетуіміз керек.

– Елді-мекендерді газдандыру жұмысы қай деңгейде?

– Елді-мекендерге газ беру жұмыстары қарқынды жүріп жатыр. Жүргізілген жұмыстардың нәтижесінде Көксу ауданы Мұқра ауылының, Ескелді ауданы Оркусак ауылының, Талдықорған қаласының Пригородное, 3 бөлімшесінің тұрғындары табиғи газға қол жеткізді. Үйлеріне көгілдір отын кіргізген елдің саны 3000-нан асып жығылады.

Бұл жұмыстар алдағы уақытта жалғасын табатын болады. Мәселен, Ескелді, Көксу, Кербұлақ, Қаратал аудандарын газдандыруды толық аяқтау үшін жобалау жұмыстарының есебі жасалынуда.

Сондай-ақ, 28 жобалау-сметалық құжаттама әзірленген. Оның ішінде 10 ЖСҚ бойынша жобалау жұмыстары толық көлемде аяқталды және мемлекеттік сараптамаға беруге дайын.  Құрылыс-монтаждау жұмыстарын 2023-2024 жылдар кезеңінде жүргізу жоспарлануда.

– Сұқбатыңызға рақмет!

Анар Сабырова, Жетісу облысы.

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x