Жамбыл ауданында жол сапасы 64,4%-ға жоғарлайды

Dalanews 21 қыр. 2022 06:01 194

Алматы облысы Жамбыл ауданында жол сапасы айтарлықтай жақсарған. Бүгінде  аймақтағы автомобиль жолдарының  жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы  үлесі – 58,3 % құрады, – деп хабарлайды Dalanews.kz Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Аудан аумағында 24 ауылдық округ, 61 елді мекен бар. Өңір бойынша  автомобиль жолдарының жалпы ұзындығы 1919,2 шақырым құраса, оның ішінде  республикалық маңызы бар автомобиль жолдарының ұзындығы 331  шақырым,  облыстық маңызы бар – 594,3 шақырым,  аудандық маңызы бар – 79,0 шақырым  және ауылішілік автомобиль жолдарының ұзындығы 914,9 шақырымды қамтиды.

Үстіміздегі жылы аудандағы елді мекендердің жолдарын жөндеуге және күтіп ұстауға 1 023,0 млн теңге бөлінген. Берілген  қаражатқа 15 елді мекеннің ұзындығы 56,3  шақырымды құрайтын 47 көшенің автомобиль жолдарына жөндеу жұмыстарын жүргізу жоспарланған.

Қарастырылған қаржы діттеген жеріне жетіп, жүйелі түрде игерілді. Оның бір дәлелі биыл Ұзынағаш ауылындағы 5 көшесі, Сарыбай би  ауылының  2 көшесі, Қарақыстақ ауылының 1 көшесі, Қазыбек бек  ауылының ұзындығы 5250 м  құрайтын 4 көшесі, Қасымбек ауылының үзындығы 4950 м құрайтын  5 көшесі, Көкдала ауылының 3 көшесі толығымен  жөндеуден өтті.


Қазіргі уақытта Ақтерек  ауылының ұзындығы 4420 метрді құрайтын  Есдәулет, Қараш батыр, Рыскелды, Баймен сынды 4 көшесіне сондай-ақ, Шиен ауылының 3 көшесіне  орташа жөндеу жұмыстары жүргізілуде.

Алдағы таңда қажетті қаражат бөлінген жағдайда Мәтібұлақ ауылының 2 көшесі, Дегерес ауылының 3 көшесі, Үмбетәлі ауылының 2 көшесі, Қарғалы ауылының 4 көшесі, Бозой ауылының 3 көшесі, Жамбыл ауылының  4 көшесі, Қараарша ауылының 1 көшесі, Бесмойнақ ауылының 1 көшесі, Ұзынағаш  ауылының 6 көшесі жөндеден өтетін болады.

Жергілікті атқарушы орган жоғарыда көрсетілген нысандар бойынша бөлінген қаражат жөндеу жұмыстарын аяқтау үшін бүгінгі күнге жеткіліксіз екенін алға тартуда. Осыған байланысты аталған нысандар бойынша жұмыстарын аяқтау мақсатында Алматы облысының жолаушы көлігі және автомобиль жолдары басқармасына 1 167,6 млн теңгеге бюджеттк өтінім берген.

Айта кетейік,  жылдың  соңына дейін жақсы және қанағаттанарлық жол үлесі  қажетті қаржы бөлінген жағдайда 64,4 %-ға дейін артатын болады деп күтілуде.

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x