Елордада ерекше балалары бар отбасыларға арналған көмек орталығы ашылды

Dalanews 10 там. 2022 11:45 173

Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгінов бүгін қалада кезекті бірегей әлеуметтік орталық ашылғанын мәлім етті, – деп хабарлайды Dalanews.kz елорда әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.

– Елордада кезекті бірегей орталық ашылды! Ерекше қажеттіліктері бар балаларды тәрбиелеп отырған отбасылар үшін «Бақытты шаңырақ» орталығы (Р.Қошқарбаев даңғылы, 60) өз есігін айқара ашып отыр. Бұл – қаламыздағы төртінші орталық. Оның ерекшелігі – мүмкіндігі шектеулі балаларға ғана емес, олардың аналарына да қажет көмек түрлері көрсетіледі, – деді қала басшысы.

Орталықта ерекше күтімді қажетсінетін балалардың аналарына қайта білім алу, біліктілігін арттыру курстарынан өту, жұмысқа орналасу бойынша жердем беріледі. Бұдан басқа психологиялық көмек те көрсетілетінін ата кетуіміз керек. «Бақытты шаңырақ» орталығы мүмкіндігі шектеулі 600-ден астам баланы қамтиды.



– Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша ерекше қажеттіліктері бар балаларға жан-жақты жағдай жасау ісіне ерекше көңіл бөліп келеміз. Соңғы жылдары елордада оңалту орталықтарының желісі айтарлықтай артты. Бүгінде қаламызда 15-тен астам орталық ашылып, 4 мыңға жуық мүмкіндігі шектеулі балаға қолдау көрсетілуде. Оңалту орталықтары мен көмек көрсету орталықтары ерекше балалардың ата-аналары үшін ауадай қажет. Себебі мұндай орталықтар баланың денсаулығын жақсартуға және оларды әлеуметтендіруге көмектеседі, – деп Алтай Көлгінов әлеуметтік нысанның маңызы жайында айтып берді.


Елордада осыған дейін «Асыл Мирас», «Орда», «Балам-Ай» оңалту орталықтары ашылған болатын. Ал №1 қалалық балалар ауруханасы базасында «Қамқорлық» оңалту орталығы ашылған-ды. Аталған әлеуметтік орталықтар ДЦП, аутизм, даун синдромы және жүрек талмасы секілді диагнозы бар балаларды оңалтумен айналысады.

Сонымен қатар бас қалада біліктілікті арттыру және жұмысқа орналастыру мәселесіне арналған орталықтар, белсенді ұзақ өмір сүру орталығы (Ардагерлер үйі), әлеуметтік орталықтар («Жанұя» отбасы институтын қолдау орталығы), көру қабілеті бұзылған балаларға арналған мамандандырылған балабақша (Сарыарқа ауданы, Кенесары көшесі 9/1) ашылғанын айта кетуіміз керек.

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x