Қоқыс жинауға мән бермеген Ақтау қаласының әкіміне сөгіс жарияланды

Dalanews 09 там. 2022 12:41 226

Бүгін Маңғыстау облысы әкімі Нұрлан Ноғаевтың қатысуымен өткен аппараттық кеңесте облыстың қалалары мен аудандарындағы қатты тұрмыстық қалдықтар шығару және санитарлық тазалық мәселесі қаралды, – деп хабарлайды Dalanews.kz Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Өңірде санитарлық жағдай және елді мекендердегі қатты тұрмыстық қалдықтарды уақытында шығару өзекті мәселелердің бірі. Маңғыстаудың тарихи-мәдени және табиғаты көрікті жерлерін туристер де, тұрғындар да тамақ қалдықтарымен ластауда.

Соңғы уақыттары Ақтау қаласы тұрғындары тарапынан қоқыстың дер кезінде жиналмауына қатысты шағымдар көптеп түсетін болған.

Тұрмыстық қалдықтардың уақытында шығарылмауы қалаға жақын маңда орналасқан Мұнайлы ауданы және Түпқараған ауданына қарасты Ақшұқыр ауылының тұрғындарын да алаңдатып отыр.


– Елдімекендердің санитарлық жағдайы алаңдатарлық мәселе. Ақтау қаласының ластануына жол беруге болмайды. Tелеграм чатқа түсетін шағымдардың көпшілігі қоқыс жинау және шығару мәселесімен байланысты. Қалдықтарды уақтылы жинамау қаланың көркі мен тұрғындардың денсаулығына кері әсерін тигізеді. Бұл қала әкімі жұмысының дұрыс ұйымдастырылмауының нәтижесі, – деп атап өтті Нұрлан Ноғаев.

Жұмысты дұрыс ұйымдастырмағаны үшін аймақ басшысы Ақтау қаласының әкіміне, оның орынбасарына және ТҮКШ бөлімінің басшысына сөгіс жариялады.

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x