Маңғыстауда туристер үшін алғашқы визит-орталық ашылды

Dalanews 08 там. 2022 04:07 343

Маңғыстау облысы әкімі Нұрлан Ноғаев Түпқараған ауданына жасаған жұмыс сапарында жаңадан ашылған "Сартас" визит-орталығының жұмысымен танысты, – деп хабарлайды Dalanews.kz Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Жұмыс сапары аясында аймақ басшысы алдымен аудан аумағында орналасқан тарихи және мәдени ескерткіштер – "Кенті баба" қорымы, "Шақпақ ата", "Сұлтан Үпі" жер асты мешіттеріне зиярат етті.

Бұдан кейін облыс басшысы Маңғыстауда туризмді дамыту мақсатында бой көтерген "Сартас" визит-орталығына барып, жұмысымен танысты.

"Сартас" визит-орталығы Каспий теңізінің Түпқараған ауданына тиесілі жағалауындағы Таушық ауылынан 32 шақырым қашықтықта орналасқан.

Нұрлан Ноғаев көпшілікті орталықтың ашылуымен құттықтап, ауданда туризмнің дамуына сәттілік тіледі.

– Туризмнің өңір экономикасын дамытуда маңызы зор. Біз осы бағытта жұмыс істейтін жергілікті кәсіпкерлерді қолдауға әрқашан дайынбыз. Қазіргі уақытта шетелдік туристер Маңғыстаудың киелі және табиғи көрікті жерлеріне қызығушылық танытуда. Түпқараған ауданында көптеген тарихи орындар бар. "Сартас" визит-орталығының осы ауданға келетін туристердің аялдайтын және демалатын орны ретінде болашағы зор, – деп атап өтті Нұрлан Ноғаев.


Маңғыстау жерінде танымал "Жығылған", "Саура", "Тамшалы" сынды табиғаты ерекше жерлерге бет алған туристер "Сартас" визит-орталығына аялдап, тынығуға мүмкіндігі бар. Жаңа нысан күніне 100 адамды қабылдауға қауқарлы.

– Бұл – Маңғыстау жерінде ашылған алғашқы сапар-орталық. Осындай сапар орталығы арқылы жергілікті туризм де қарқынды дамиды. Ағымдағы жылы "Kazakh Tourism" ұлттық компаниясы" еліміз бойынша туризмді дамыту үшін 20 жобаны жүзеге асыруда. Солардың бірі "Сартас" визит-орталығында ұйымдастырылады. Біздің мақсатымыз – орталыққа көптеген туристерді тарту, – деді  "Kazakh Tourism" ұлттық компаниясы" АҚ төрағасы Талғат Аманбаев.

Айта кету керек, визит-орталықты жергілікті кәсіпкер Ербол Байжігітов өз қаражатына салған. Жоба құны – 248 млн.теңге.

– Бүгінгі таңда Маңғыстаудың табиғатын тамашалуға келетін туристердің саны күн санап артып келеді. Осы көрсеткіш визит-орталық салуға себеп болған. Түпқараған ауданында табиғаты ерекше, көпшілікке танымал тарихи жерлер бар. Осы жерлерге де келушілердің саны да жыл сайын артуда. Сондықтан визит-орталық аталған жерлерге сапарлап шыққан туристердің тұрақтап, демалатын орнына айналады. Жобаның ерекшелігі, ауданның табиғаты ерекше тарихи және мәдени жерлерінің орталығында орналасқан, – деді "Сартас" визит-орталығының негізін қалаушы Ербол Байжігітов.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
ТЕЛЕ2 - БАСТЫҚ1
22 сәу. 2024 18:05
x