Cоңғы жаңалықтар
Back

Тәуекелге баратын азаматтардан ғана мықты кәсіпкер шығады – Шөкеев

Бүгін Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев облыс кәсіпкерлерімен кездесті. Кездесуде бизнес өкілдерінің ұсыныстары мен пікірлері, өтініштері тыңдалды, – деп хабарлайды Dalanews.kz Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Жиынға «Атамекен» ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасының басқарма төрағасының 1-ші орынбасары Мақсат Қиқымов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Қайнар Абасов және өңірлік кеңес мүшелері, аудандық кәсіпкерлер кеңесі мүшелері, Түркістан облысы мәслихатының депутаттары, мемлекеттік органдармен қаржы институт басшылары және кәсіпкерлер қатысты. Өңір басшысы Түркістан облысында шағын кәсіпкерліктің әлеуеті жоғары екеніне тоқталды.

– Түркістан облысында халық саны көбейіп келеді. Ол – қуанышты жағдай. Енді сол елге қажетті жұмыс орындарын, өндіріс орындарын көбейту – уақыт талабы. Түркістан өңірінің тұрғындары қашан да кәсіпкерлікке бейім болған. Кәсіпкерлік субъектілері саны жөнінен облысымыз Алматы мен Нұр-Сұлтан қаласынан кейін үшінші орында тұр.

Кәсіпкерлер саны жылдың өзінде 10 мыңға өсіп, 155 мыңға жетті. Сондықтан біз кәсіпкерлікке үлкен маңыз беріп, «Қарапайым заттар экономикасы» мен «Бизнестің жол картасы – 2025» бағдарламасы арқылы қолдау көрсетіп отырмыз. Түркістандағы құрылыстарды да жергілікі кәсіпкерлер атқарып жатыр. Кәсіпкер болу – өте қиын. Ол үшін экономика, заң, бухгалтериядан білім болуы керек. Ұйымдастырушылық шеберлігі жоғары және тәуекелге бара алатын азаматтар ғана мықты кәсіпкер бола алады, – деді Өмірзақ Шөкеев.

Түркістан облысы кәсіпкерлер палатасының директоры Тимур Нақыпбеков кәсіпкерлер палатасы атқарып жатқан іс-шаралар туралы баяндады. Оның айтуынша, Түркістан қаласында екінші деңгейлі банктердің толыққанды филиалдарының жоқ еді. Бұл мәселе Ұлттық банк тарапынан қолдау тауып, «Халықбанк», «Фортебанк», «Жусанбанк», «БанкЦентрКредит», «Сбербанк» филиалдары ашылды. Статистикаға жүгінетін болсақ, облыстағы 160 мыңға жуық кәсіпкердің 52 пайызы ауыл шаруашылығы саласында қызметтерін атқаруда. Биыл Кәсіпкерлер палатасы кәсіпкерлерге 9 мыңнан астам ақпараттық қамтамасыз ету қызметін және 1 мыңнан астам сервистік қолдау қызметтерін көрсеткен. «Атамекен-Түркістан» МҚҰ қазіргі таңда 226 жобаны 1,8 млрд. теңгеге қаржыландырған.

Кездесудің күн тәртібінде колледждерді сенімгерлік басқаруға беру, Түркістан индустриялық аймағында орналасқан кәсіпорындардың проблемалық мәселелері, Түркістан қаласында қолөнершілер орталығын ашу және өзге де мәселелер талқыланды. Жеңілдетілген несие, субсидия түйткілдері де тарқатылды. Кәсіпкерлер еркін форматта көкейде жүрген сұрақтарын қойып, ол ұсыныстар хаттамаға енгізілді.

Осы күні Түркістанда «Кәсіпкерлік қырандары» жобасының ІІІ кезеңі өтті. Бизнесті бизнеске қолдау көрсетуге шақыратын маңызды іс-шараға облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев пен кәсіпкерлер, менторлар, жоба авторлары қатысты. Өңір басшысы бұл жобаның кәсіпкерге берері көп екенін айтып, қатысушыларға сәттілік тіледі.

– Бүгін сіздермен қайта қауышып, «Кәсіпкерлік Қырандары» жобасының кезекті маусымын өткізгелі отырмыз. Жобаның ерекшелігі – «Кәсіпкерлік Қырандары» арқылы ірі бизнес өкілдері капиталы жоқ, бірақ бизнес идеясы бар, кәсіпкерлікке жаңа қадам басқан азаматтарға қолдау көрсетеді.

Бүгінде «Кәсіпкерлік Қырандары» бойынша қолдау алған стартап жобалар (16 жоба 44 млн теңге) өз кәсіптерін дөңгелетіп, өнімдерін өндіріп жатыр.

Әрине кәсіпкерлерді қолдау Мемлекет басшысының, Үкіметтің ұдайы назарында тұрған мәселе. Бизнесті қолдауға бағытталған кең көлемдегі бағдарламалар осының дәлелі. «Қарапайым заттар экономикасы», «Бизнестің жол картасы 2025» бағдарламалары облыс кәсіпкерлерімен жақсы қолданылуда.

«Қарапайым заттар экономикасы» арқылы кәсіпкерлер 47 млрд теңгеге жеңілдетілген 6%-бен несиеленген болса, «Бизнестің жол картасы 2025» арқылы жыл соңына дейін 40 млрд теңгеге несиелеу күтілуде. Жаңадан бизнесті бастау, жобаны қаржыландыруда жобаның маңызы зор. Сондықтан ізбасар буынға жасап жатқан қолдаулар үлкен құрметке лайық.

«Кәсіпкерлік Қырандары» жобасы бірінші кезекте стартап жобалар үшін қажетті қаржылай қолдау болса, екенші кезекте қаржы салымын жасаған менторлар үшінде инвестиция көзі деп айтуға болады. Яғни, екі жаққа да ұтымды инвестиция. «Кәсіпкерлік Қырандары» жобасына қолдау көрсеткен менторларға алғысымды айтқым келеді. Сіздер өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына үлес қосып жатырсыздар, — деді ол.

Жобаның осы кезеңіне «Атамекен» ҰКП басқарма төрағасының бірінші орынбасары Мақсат Қиқымов пен ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Қайнар Абасов та қатысты.

Айта кетейік, «Кәсіпкерлік қырандары» – бірегей жоба. Ол Түркістан облысында шағын бизнесті қолдау үшін іске қосылған. Жобаны Түркістан облысы кәсіпкерлер палатасы мен облыс әкімдігі жүзеге асырып отыр. Мақсаты – өңірдегі ірі, орта кәсіпкерлер микробизнесті, стартаперлерді қолдайды. «Бастау Бизнес» түлектеріне инвестиция сала отырып, қаржылау қолдау көрсетеді, ментор болады. Ментор жобаны сүйемелдейді.

«Кәсіпкерлік Қырандары» жобасының үшінші кезеңінде 7 жоба ұсынылып, талқыланды. Олар: Медициналық қалдықтарды жоятын цех; Жарқыраған тратуарлық жол плиткаларын шығаратын цех; «Тармақтар» кітабы; Қолдан ұрықтандыру және ветеринарлық станция; Ғарыштық байланыс және спутниктік робототехника кешені; «Eco-Protect» дөңгелектерді қайта өңдеу жобасы және мүмкіндігі шектеулі жандарға қажетті әмбебап монша салу бастамасы ұсынылды.