Алакөлдік 210 адам кәсіп бастауға қаржы алды

Dalanews 03 там. 2022 04:23 197

«Еңбек» бағдарламасының елге берері әлі де таусылмақ емес. Өткен жылы дәл осы бағдарламаның аясында Жетісу облысына қарасты Алакөл ауданында 210 адам қаражат алып іс бастаған. Басым бөлігі, яғни 174-і мал шаруашылығымен айналысуға көңіл бөлсе, құс өсіруге 1,11 азамат өндірісте бағын сынамаққа бел буса, 24-і қызмет көрсету саласына бет бұрған. Осылайша, аймақтағы жұмыспен қамту бойынша келелі істерге жол ашылып, жұмыссыздар қатары азайды.

Табысқа жеткізер мыңдаған ойларын ортаға салып, жүйелі бизнес жоспар құрып, кәсібінің тұрақты әрі қолайлы екенін дәлелдеген жандар мемлекет тарапынан арнайы грантқа қол жеткізді. Жартылай жеңісті қанжығаларына байлағандар бүгінде өз ісін жалғастыруда.

«Еңбектің» ебін тапқандардың бірі – Қаламқас Қасымова. Ол Достық ауылының тұрғыны. «Бастау Бизнес» жобасы негізінде білім алып, «Kasia de Maria» ЖК-сін тіркеген. Үкіметтен алған 583 мың қайтарымсыз грантқа өз ауылында киім тігетін ателье ашты.  Жұмысын жалғастыруға қажетті құралдарды сатып алып, тұрғындарға сапалы әрі қолжетімді бағада қызмет көрсетуде.

– Нарық бүйірден қысқанда бір айлыққа қарап отыру мүмкін емес. Өзімнің жеке ісімді ашу арманым еді. Шағын кәсіп бастауға мемлекеттен қаржылай қолдау берілетінін естіп, қажетті білімді алып, құжаттарды ретке келтірдім. Мен бастайтын кәсіптің елге қадет екенін көқрсету арқылы жобамды қорғап, көздегеніме жеттім, – дейді кәсіпкер қыз.


Тігін машинасың құлағында ойнаған ісмер ару, бұнымен тоқтап қалмақ емес. Қаламқас алдағы уақытта қол астындағы жұмысшылар санын ұлғайтып,  мүмкіндіктерді тиімді пайдалана отырып, кәсібін ұлғайтуға барын салуда.

Дәл осылай жеке кәсіпке қызығушылық танытқандардың қатарында  Құнапия Мәденбек те бар. Ол да «Бастау Бизнес» жобасы арқылы кәсіпкерлік жайлы білген-түйгендерін жетілдіріп, мемлекеттен қолдау тапқан. Ол авто көліктерді көтеретін техникаларды алып, қолжетімді бағада қызмет көрсетуді қолына алған. Олда Қаламқас сынды мемлекеттен берілген 583 мың теңгені алған. Артынша, «Казремонт» ЖК-сін рәсімдеп, Үшарал қаласында көлік жөндеу орталығын ашты.

– Сонау балалық шақтан-ақ техника дегенге үйір болдым. Үйдің үлкендеріне еліктеп, түрлі көліктерді жөндегенде тапжылмай қарап отыратынмын. Бұл іс маған қатты ұнайды. Өзімше темір-терсекті шұқылап, жөндеуге септесуге қызықтым. Өсе келе қызығушылығым кәсібіме айналды. Арнайы грант ұтып, міне, өз ісімді бастадым. Қуанышымда шек жоқ, себебі жаңадан кәсіп бастауыма бұл бағдарлама үлкен көмек тигізді, – дейді Құнапия Мәденбек.


Қазіргі таңда аталған бағдарламаның игілігін көріп жатқан алакөлдіктер жетерлік.  Көпшілігі төрт түліктен табыс табуға ниет етсе, заманға сай қызмет көрсетуге де құлшыныс танытып отырғандар да жетерлік. Бастысы екі қолға бір күрек табылып, кәісіптің нәсібін көріп, нәпақасын айырып отыр.

 

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x