Cоңғы жаңалықтар
Back

Елорда тұрғындарын жұмыспен қамту: жартыжылдықтағы жұмыс нәтижесі қандай?

Осы жылдың 1 шілдесіндегі мәліметтерге сәйкес, елордада жұмыспен қамту шараларымен 5 584 адам қамтылды, оның ішінде 2 804 елорда тұрғыны тұрақты жұмыс орындарына орналастырылды.

Осы және алғашқы жартыжылдықтағы жұмыстың өзге де нәтижелері туралы онлайн-брифингте Нұр-Сұлтан қаласының жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасы басшысының орынбасары Ерлан Жүсіпов айтып берді.

Елорданың халықты жұмыспен қамту орталығы арқылы қамтылған 5 584 адамның 2 804-і тұрақты жұмыс орындарына орналастырылды, оның 1 120-ы – жастар.

Тағы 2 046 адам қоғамдық жұмыстарға, 270-і – жастар практикасына, 128-і – әлеуметтік жұмыс орындарына, 39-ы – «бірінші жұмыс орны» жобасы бойынша, 10-ы – «күміс жас» жобасы бойынша жұмысқа орналастырылды.

Жұмыс берушілердің сұранысы бойынша қысқа мерзімді курстардан 129 елорда тұрғыны өтіп жатыр, skills.enbek.kz порталы арқылы онлайн-оқыту 232 адамға арналған.

Сонымен қатар, жаңа бизнес-идеяларды іске асыру үшін мемлекеттік грантты бес адам алды. Сол сияқты қалада мүгедектігі бар адамдар үшін арнайы жұмыс орындары ұйымдастырылады.

«Жыл соңына дейін 28 000 жұмыс орнын құру жоспарланып отыр, оның ішінде 17 000-і – тұрақты, 11 000-ы – уақытша жұмыс орны (Ұлттық жобаларды іске асыру аясында – 14 180, жеке бастамалар аясында – 14 098). 1 шілдедегі жағдай бойынша 12 390 жұмыс орны құрылды. Enbek.kz порталында жұмыс істеп тұрған 7 мыңнан астам бос жұмыс орнын 1 000-ға жуық жұмыс беруші жариялады», – деді Е.Жүсіпов.

Бүгінгі таңда Ұлттық статистика бюросының деректеріне сәйкес 2022 жылдың 1 тоқсанының қорытындысы бойынша елордада жұмыссыздық деңгейі 4,6%-ды құрайды, бұл республикалық көрсеткіштен 0,3%-ға төмен (ҚР бойынша – 4,9%).

«Бүгінгі таңда халықты жұмыспен қамту орталығында тіркелген жұмыссыздар саны 4 873 адамды құрайды, оның ішінде жастар саны – 1 249. Сол сияқты 2 мыңнан астам адам (2 147) жұмысынан айырылу бойынша әлеуметтік төлемдерді алушылар болып саналады және 2 247 адам жұмыспен қамтудың белсенді шараларына қатысады. Жұмыс іздеп жүрген тағы 479 адам бар», – деді басқарма басшысының орынбасары.

Ол сондай-ақ жастарға, нақтырақ айтқанда, елорданың жоғары оқу орындары мен колледждерінің түлектеріне «жастар практикасы», «алғашқы жұмыс орны», «ұрпақтар келісімшарты» жобаларына белсенді қатысуға шақырды. Себебі бұл тәжірибе жинауға, ресми еңбек өтілін алуға және өзінің бәсекеге қабілеттілігін дәлелдеуге тамаша мүмкіндік. Осыған дейінгі тәжірибе көрсеткендей, аталмыш жобаларға қатысқаннан кейін өз қабілетін көрсеткен жастардың көпшілігі тұрақты орындарға жұмысқа орналасады.