Cоңғы жаңалықтар
Back

Ноғаев паралимпиадалық спорт түрлерінен ел намысын қорғап жүрген жаңаөзендік спортшыларды марапаттады

Маңғыстау облысы әкімі Нұрлан Ноғаев кеше Жаңаөзен қаласына барып, Маңғыстау облысын дамытудың кешенді жоспары аясында жүзеге асырылып жатқан әлеуметтік нысандардың құрылысымен танысты. Сапар барысында өңір басшысы “Алға” волейбол клубының матчына қатысып, спортшыларды паралимпиадалық спорт түрлерін дамытуға қосқан үлесі үшін алғыс хаттармен марапаттады, – деп хабарлайды Dalanews.kz Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Бірінші кезекте аймақ басшысы 120 адамға арналған ангарлық типтегі спорт кешеніне барды. Спорт кешенінде волейбол, баскетбол және шағын футбол алаңдары және жаттығу жасауға арналған залдар бар, сондай-ақ жекпе-жекпен айналысуға барлық жағдай жасалған.

Айта кету керек, Маңғыстау облысын дамытудың кешенді жоспары аясында Жаңаөзен қаласында осындай 8 спорт залы және 10 спорт алаңын салу жоспарлануда.

2023 жылы “Ауыл ел бесігі” бағдарламасы аясында Теңге және Қызылсай ауылдарында 2 жобаның құрылысы қолға алынады.

Сондай-ақ, аймақ басшысы қаладағы жаяу жүргіншілерге арнап салынып жатқан аллеяға барды. Онда шағын сәулет нысандары, эко стиліндегі балалар ойын алаңдары, қолөнершілерге арналған киіз үйлер, арт-нысандар, фотозоналар, workout алаңдары, субұрқақтар, көлеңкелі қалқалар, сахна, муралдар және сауда павильондары орналасады.

Нұрлан Ноғаев одан әрі қазіргі таңда күрделі жөндеуден өтіп жатқан “Оқушылар сарайында” болды. Жөндеу жұмыстары аяқталғаннан кейін ғимаратта жастар орталығы ашылады. Онда робототехника, сәндік дизайн, дыбыс жазу, театр, фотостудия, коворкинг, спорттық және т. б. үйірмелер жұмыс істейтін болады.

Жұмыс сапарының соңында облыс басшысы “Алға” спорт клубының мүмкіндігі шектеулі спортшыларымен кездесті.

Мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған “Алға” спорт клубы 1990 жылы құрылған. Аталған клубтың спортшылары 11 мәрте Қазақстан чемпионы атанып, Лондон, Финляндия, Польша, Анталия, Камбоджада өткен көптеген халықаралық жарыстарда жүлделі орындарға ие болып жүр.

Жаңаөзен қаласының паралимпиадашылары Қазақстан ұлттық құрамасының мүшелері және Малайзияда өткен паралимпиада ойындарында 3 қола медаль жеңіп алды. Клуб спортшылары отырып ойнау воллейболы, жағажай воллейболы, үстел теннисі, арбамен билеу және ауыр атлетика сияқты спорт түрлерінде өнер көрсетеді.

Қазіргі уақытта спортшылар №1 ЖОМ базасында жаттығады. Спорт залдарының бірінің құрылысы аяқталғаннан кейін Маңғыстау облысын дамытудың кешенді жоспары аясында мүмкіндігі шектеулі спортшылар ыңғайлы жағдайда жаттыға алады.


Өңір басшысы өз кезегінде спортшыларға облыстың паралимпиадалық спорт түрлерін дамытуға қосқан үлесі үшін алғысын білдірді.

– Өз жеңістеріңіз арқылы сіздер ерлік пен мүмкіндіктердің шексіз екенін дәлелдедіңіздер. Сіздердің жетістіктеріңіз – бұл қажырлы еңбек пен берік рухтың нәтижесі.  Өмірде жетістікке жету жолында адамның қолынан келмейтін нәрсе жоқ екенін көп жастарға дәлелдеп, үлгі боларлықтай нәтиже көрсетіп жүрсіздер, – деп атап өтті Нұрлан Ноғаев.

Жиын соңында облыс әкімі паралимпиадалық спорт түрлерін дамытуға қосқан үлесі үшін спортшыларды алғыс хаттармен марапаттады.