Cоңғы жаңалықтар
Back

Ордабасы ауданында қарттар мен мүгедектерге қызмет көрсететін орталық ашылды

Түркістан облысы, Ордабасы ауданының орталығы Темірланда аудандық Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламарар бөлімінің жанынан «Шапағат» әлеуметтік қызметтер көрсету орталығы ашылды, – деп хабарлайды Dalanews.kz Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Орталықтың ашылу рәсіміне аудан әкімі Бағлан Батыршаев, аудандық мәслихат хатшысы Қасымбай Әбдіхалық, ардагерлер мен аудан тұрғындары қатысты.

– Бүгін қазыналы қарттарымыз бен мүгедек азаматтарымызға қолайлы жағдай жасау мақсатында аудан орталығы – Темірланда «Шапағат» әлеуметтік қызметтер көрсету орталығы ашылып отыр. Баршаңызды жаңа орталықтың ашылу рәсімімен шын жүректен құттықтаймын. Көңілге түйгені көп қарттарымызға қолайлы жағдай жасау – баршамыздың міндетіміз. Сондықтан абыз ақсақалдарымыздың күнделікті демалысына арнап берілген орталықтың есігі әр кез ата-әжелерімізге ашық болады. Жүріп, тұруы қиын, қоғамның, айналаның көмегіне мұқтаж азаматтарға да тең қоғам қалыптастыру мақсатында аталған орталық қызмет көрсетеді деп сенемін. Ендеше, жаңа ғимараттың ішінде тек қуанышты күндер мен жақсылығы мол сәттер көп болсын! – деді аудан әкімі өз құттықтауында.

Мекеме құрамындағы «Тең қоғам» және «Ардагерлер орталығы» ауданда есепте тұратын 5478 мүгедектігі бар азамат пен 11 мыңға жуық зейнеткерлерге арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсетумен айналысады.

Қарттар мен мүгедек азаматтардың игілігі үшін пайдалануға берілген орталық жұмысымен танысқан аудан басшысы Бағлан Дәнебекұлы заман талабына сай жабдықталған ғимараттың аудан тұрғындарына қолайлы жағдай жасайтындығын айтып өтті.

Аудан әкімінің айтуынша, мекемеде мүгедектерді тасымалдау үшін инватакси қызметі іске қосылған. Мұнан бөлек, аудандық орталық ауруханамен бірлесе отырып, орталық қызметіне жүгінген азаматтарға түрлі медициналық көмек көрсетілмек.

«Тең қоғам» орталығы жартылай стационарлық жағдайдағы психоневрологиялық ауытқулары бар, тірек қимыл аппараты бұзылған мүгедектер мен 1,5 жастан 18 жасқа дейінгі мүгедектігі бар балаларға тәуліктің күндізгі 4 сағат уақытында екі ауысым бойынша қызмет көрсетеді. Сонымен қатар мүмкіндігі шектеулі жандарға медициналық емес сауықтыру шаралары, психологиялық көмек көрсету арқылы тұрмыстық және әлеуметтік дағдыларға бейімдейді.

Сондай-ақ, аталған орталық 18 жастан асқан мүгедектерге, бірінші және екінші топтағы мүгедектерге әлеуметтік қызметтер порталы арқылы жеке оңалту бағдарламасына сәйкес есту аппараттары, қоларба, жөргектер мен төсеніштер және тағы басқа 55 техникалық оңалту құралдарын алуға, таңдауға көмек көрсетіп, жұмысқа орналасуына, құжаттарын рәсімдеуге жәрдемдеседі және құқықтық, психологиялық көмектер ұсынады.

«Ардагерлер орталығында» егде жастағы зейнеткерлер мен аға буынның өмір салтын жақсартып, спортпен шұғылданып, салауатты өмір салтын ұстануға, денсаулығын нығайту мақсатында белсенді мәдени, шығармашылық, спорттық шаралар ұйымдастырылады. Әр 15 күн сайын екі аусымда 20 адамнан айына 40 азаматқа әлеуметтік және медициналық сауықтыру қызметтері көрсетіледі.

Жұмыс барысында орталыққа келуші азаматтар әлеуметтік қызметкерлер, әлеуметтік жұмыс жөніндегі мамандар мен невролог, медбикенің бақылауында болады. Жоспарға сәйкес күнделікті массажбен ем қабылдайды.

Аудан көлемінде тұрмыстық зорлық-зомбылықтан жапа шегіп дағдарысқа ұшыраған жәбірленушілерге арнаулы әлеуметтік психологиялық қызметтер көрсетіледі.

Айта кетерлігі, орталықта бильиярд, теннис столы, түрлі жаттығу құралдары, кітап оқу алаңы, шахмат, тоғызқұмалақ, дойбы ойындарымен шұғылдануға мүмкіндік бар. Жан саулығына бірден бір ем болатын тұзды шахта іске қосылған.