Теміржолдағы еңбек дауының түйіні тарқады

Dalanews 05 там. 2022 10:22 167

 

Кез келген іргелі мекемеде еңбек дауы болатыны – заңдылық. Бірақ оның саясиланып кетуі жұмыс беруші мен мемлекет үшін – үлкен сын.

Осыдан біршама уақыт бұрын «Қазақстан темір жолы» Ұлттық компаниясына қарасты ПЧ-12 Бейнеу жол дистанциясы теміржол қызметкерлері айлықтарының аздығын айтып, компания басшылығына талабын ашық қойғанын естідік.

Дамыған елдерде қарапайым еңбек адамдарының жұмыс берушілеріне талап қойып, ортақ мәмілеге келуі қалыпты дүние болып саналады. Әдетте еңбек адамдары мен жұмыс берушілер арасындағы дау-дамайларды кәсіподақ ұйымдары оң бағытта шешуге күш салатынын білеміз.

Бірақ біздің елде кәсіподақ ондай ықпалды ұйым емес. Сондықтан жұмысшылар өз талаптарын ашық қойып жатады.

Сол сияқты бейнеулік теміржолшылар өз талаптарын ҚТЖ басшылығына ашық қойып, сот орындарына жүгініп, тараптар ортақ келісімге келіпті.


Бүгін ереуілдеткен теміржолшылар сот орындары арқылы қабылдаған ортақ шешімге риза болып, жұмыстарына қайта кіріскенін айтып видео үндеуін жариялады. Сонымен қатар теміржолшылар қандай да бір саяси мақсат көздеген белсенді топтардың осы оқиғаны пайдаланып кетуіне түбегейлі қарсы екендерін ашып айтты.

Жалпы, Маңғыстау өңірінде еңбек даулары жиі орын алып, оның соңы саясиланып кететіні жасырын емес. Қарапайым еңбек адамына мәселенің бұлайша ушығуы қажет емес. Алдағы уақытта кез келген еңбек дауының соңы осылай тараптардың келісімге келуімен аяқталуы тиіс деп есептейміз. Бұл жағдай еліміздегі жекелеген компанияларға, қарапайым еңбек адамдарына да сабақ болатын жағдаят деп есептейміз.

 

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x