Алматы облысында жыл басынан бері 10 мыңға жуық тұрақты жұмыс орны құрылды

Dalanews 26 шіл. 2022 08:48 224

Алматы облысында бірінші жартыжылдықта 15317 жұмыс орны құрылды, оның ішінде 9366 тұрақты. Бұл туралы облыстық әкімдік мәжілісінде аппарат басшысы Төлеген Сәрсембаев мәлімдеді.

Жалпы, облыс бойынша 32,6 мың жұмыссыз ретінде тіркелген. Аймақтағы жұмыссыздық деңгейі соңғы алты айда 4,8% құрап отыр.

Өңірде өзін-өзі жұмыспен қамтығандарда баршылық. Олардың саны 188,6 мың адамды құрайды, жұмыспен қамтылған халықтың ішіндегі үлесі - 28,6%.

Айта кетейік, аймақ халқы Кәсіпкерлікті дамытудың ұлттық жобасының шарапатын көруде. Аталмыш жоба аясында 6,5 млрд. теңге бөлініп, 12,9 мың өзін-өзі нәтижесіз жұмыспен қамтыған және жұмыссыз азаматтар мемлекеттік қолдау шараларының ақрасында жұмыспен қамтылды.

Мәселен, қысқа мерзімді кәсіптік оқуға 1280 адам жіберілетін болады, оның ішінде ағымдағы жылдың 1 шілдесіне 559 адам жіберілді.


«Бірінші жартыжылдықта 10761 адам жұмысқа орналастырылды, оның ішінде 5246-сы немесе 48,7%-ы тұрақты жұмыс орындарына орналасты»,-деді Төлеген Сәрсембаев.

Алматы облысында қос аймақта тұрақты жұмысқа орналасу деңгейі төмен. Олар: Қонаев қаласы мен Балқаш аудандары. Мұндағы көрсеткіш 25%-дан аспай тұр.

Ал жастар тәжірибесі аяқталғаннан кейін жұмысқа орналасудың төмен пайызы Қарасай ауданында тіркелген. Бұл жерде көрсеткіш 27,3% құрайды. Жамбыл ауданында ахуал тіпті нашар. Аталған ауданда бірде-бір адам жұмысқа орналаспаған.

«Қоғамдық жұмыстар аяқталғаннан кейін тұрақты жұмысқа орналасу төмен деңгейі Жамбыл– 3%, Іле– 6,8%, Талғар – 19,2%, Балқаш - 25% аудандарында тіркелді. Тіпті, Еңбекшіқазақ ауданында бірде-бір адам жұмысқа тұрмаған»,-деп қорытындылады аппарат басшысы.

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x