Жайықтың экологиялық мәселесін Ресеймен бірлесіп қана шешеміз – гидротехник маман

Dalanews 18 шіл. 2022 06:28 391

Бүгінде Жайықтың экологиялық ахуалы сын көтермей тұрғаны жасырын емес. Жайық пен Каспий трансшекаралық су көздері болғандықтан экологиялық ахуалының дұрыс болуы тек Қазақстанға ғана тіреліп тұрмағаны анық. Жалпы, жергілікті билік орындары Жайықтың мәселесін жиі көтеріліп, экологтар болса дабыл қағып келеді. Бірақ экологиялық мәселе мемлекетаралық деңгейде шешілуі керек. Таяуда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Каспий аймағы елдерінің Ашхабатта өткен жиында Жайықтың экологиялық мәселесін көтеріп, көршілес Ресейдің назарын экологиялық мәселеге аударды.  

Алдағы уақытта Жайықтың мәселесін реттеп шешпесе, оның соңы орыны толмас экологиялық апатқа ұрындыруы мүмкін. Соңғы жылдары елімізде бірнеше жыл қатарынан құрғақшылық орын алып, су тапшылығы орын алды. Осы ретте Dalanews.kz сайтына «Қазсушар» Батыс Қазақстан облысы бойынша бөлімшесінің бас гидротехнигі Шымболат Ермағамбетовтың Жайық өзеніне қатысты біраз мәселенің басын ашып айтты.

– 2019 жылы Орал қаласы маңында Жайықтың деңгейі 240 см-ге дейін төмендеп кетті. Су шаруашылығы мамандары 1913 жылдан бері Жайық өзеннің су деңгейіне қатысты ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізіп келе жатақаны белгілі. Сол уақыттан бері Жайықта су деңгейінің мұншалықты төмендемеген еді. Тек 1965 жылы өзеннің суы 260 см-ге төмендегенін білеміз. Ал қалған уақытта өзендегі судың деңгейі бұлайша төмендеген емес. Өңірдегі ауыл шаруашылығыны дамуы Жайық өзенімен тікелей қатысы бар. Биыл біздің Батыс Қазақстан облысының Жайықтан 670 млн текше метр су алуға рұқсат берілген-ді. Біздер осы уақытқа дейін бар болғаны 304 млн текше метір су алдық. Жайықтан алған су көздерін шаруашылыққа, мал суарауға және экологиялық мақсатқа жұмсалады, – дейді Шымболат Ермағамбетов.


Бүгінде Жайық өзенінің жоғары сағасында, яғни, Ресей аумағында үш ірі су қоймасы бар екенін білеміз. Сол су қоймалары Жайықтан жыл сайын 4,5 млрд текше метр су қорын жинап алады. Осы ретте «Қазсушар» мекемесінің бас гидротехнигіне Ресейдегі су қоймалары бар суды жинап алған жағдайда Батыс Қазақстан облысында су тапшылығы орын алмай деген сұрағымызды төтесінен қойдық.

– Иә, Ресейдегі су қоймалары Жайық өзенінің бастауында орналасқандықтан олар өздеріне қажетті су қорын жинақтап алады. Бірақ Ресейдегі су қоймасы күні кеше ғана пайда болған жоқ. Су қоймалары өткен ғасырдың 60 жылдарынан бері жұмыс істейді. Бірақ сол кездерде қазіргідей су тапшылығы болған емес. 1993 жылы Жайық өзенінде үлкен су тасқыны болды. Сол кезде Ресейдегі су қоймалары барлық суды жинап алмаған болатын. Су тасықыны орын алғанда Орал қаласы маңындағы судың деңгені 850 см-ге дейін көтерілгені есімде. Осы жайттардың сараптағанда Жайықтағы су деңгейінің төмен түсуіне Ресей аумағында су қоймалары анау айтқандай әсер етіп отыр деп кесіп айтуға болмайды.

Жайық өзеніне ірі 25 өзен құяды. Сол өзендердің суы Жайықтағы судың бар болғаны 30%-ын ғана құрайды. Жайық өзеніндегі қалған 70 пайыз суды 200 тарта ұсақ өзендер мен қар суы құрайтынын ұмытпауымыз керек. Егер біздер Жайықтың экологиялық мәселесін шешкіміз келсек, бірінші кезекте Жайыққа құятын ұсақ су көздеріне ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізуіміз керек. Мұны Қазақстан мен Ресейдің ғалымдары бірлесіп жүзеге асыруы тиіс. Сол кезде көкейде жүрген көптеген сұрақтарға жауап табатын боламыз, – деді Шымболат Ермағамбетов.


Кеңес заманында Жайықты зерттейтін ғылыми-зерттеу институттарының бәрі Ресейде орналасқан еді. Ал кейіннен одақтас республикалар өздерінің тәуелсіздігін алғаннан кейін әр мемлекет өз жағдайын күйттеп кеткені белгілі. Осы жайтты басшылыққа алған Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев Ресей билігіне назарын ортақ мәселеге аударуы өте орынды. Жайықтың экологиялық мәселесін екі ел бірлесіп шешуі керек. Трансшекаралық өзеннің мәселесін шешіп тастау бір Қазақстанның қолынан келмейді.

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x