Түркістан жасыл алқапты көбейтуде елордадан кейінгі екінші орында

Dalanews 30 мау. 2022 16:11 385

Түркістан қаласы маңындағы «Жасыл белдеу» аймағын алғашында 7 700 гектарға құру жоспарланса, қазір ол меже 13 629 гектарға жетіп, аталған аймақта көшеттер күтіп-бапталуда. Қазіргі таңда Түркістан қаласы мен айналасындағы жасыл екпелердің өнімділігі 65-75 пайызды құрап отыр, – деп хабарлайды Dalanews.kz Түркістан облысының Өңірлік коммуникациялар қызметіне сілтеме жасап.

Бұл туралы брифингте Түркістан облысы табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Қайрат Әбдуәлиев мәлімдеді.

– Бүгінде Түркістан қаласының экологиялық жағдайын жақсарту мақсатында қала аумағында саябақтар мен аллеялардың көлемі артып, 495 гектарға жеткен. Арық-атыздар қалпына келтіріліп, жасыл желек көптеп егілуде.

Оған қоса қала аумағында көгалдандырудың жаңа технологияларын қолдану нәтижесінде көшеттердің өнімділігі артқан.

Бұл – үлкен еңбектің жемісі. Жасыл алқапты көбейту бағытындағы жұмыстар республика бойынша Нұр-Сұлтан қаласынан кейін екінші болып Түркістанда қолға алынғанын да айта кеткен жөн.


Облыс әкімінің қолдауымен 3 жылда орман шаруашылығы мекемелерінің техникалық базасы мен шаттық бірліктер саны 2 есе ұлғайған. Аталған жұмыстардың нәтижесінде қазіргі таңда «Казгидромет» мекемесінің мәліметіне сәйкес, Түркістан қаласында атмосфералық ауаның ластануы 65%-ға төмендеген, – деді Қайрат Амангелдіұлы.

Сонымен қатар брифингке қатысқан «Жасыл аймақ» КММ директоры Әбутәліп Құламетов «Жасыл белдеу» аймағы үшін 5 миллионнан астам көшет аталған мекеменің тұқымбағынан алынғанын жеткізді.

 

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x