Түркістандағы құрылтай Әділетті Қазақстанның бағыт-бағдарын айқындауы тиіс – сарапшы

Dalanews 25 қаз. 2022 13:18 190

Елдегі танымал сарапшылар Әділетті Қазақстанның қағидаттарын қағазға түсіруде деп хабарлайды Dalanews.kz.

Осыған орай сайт тілшісіне пікір білдірген танымал ғалым, Еуропалық құқық және адам құқығы институтының басшысы Марат Бәшімов Ұлттық Құрылтайдың Әділетті Қазақстанның қабырғасын қалауға дәнекер боларын айтқан еді.

Ұлытау жерінде алғашқы құрылтай еліміздегі тұрақтылық пен татулық тақырыбына арналып, алғашқы мәжіліске түрлі ұлт пен ұлыс өкілдері белсене қатысқан.

– Түркістанда өтетін келесі құрылтайда Тоқаевтың саяси реформаларына талқыға салынып, таразыға тартылуы тиіс. Мемлекет басшысының «Әділетті Қазақстан» концепциясында ұлттық байлықтың халыққа әділ бөліну керектігі тайға таңба басқандай анық жазылған.

Тоқаевтың тұсындағы Қазақстан ұлық болсын, кішік болсын, барлығының құқығы Ата заңның  алдында тең деген қағиданы ұстанады. Алдағы құрылтайды осы мәселені жан-жақты таразылап, ұлттық байлықты әділ бөлуге қатысты халықтың көзқарасын ортаға салуымыз керек, – дейді сарапшы.


Оның пікірінше Ұлытауда өткен алғашқы құрылтай өз миссиясын ойдағыдай орындаған. Дәл осы өңірде қазақ хандарының мәжілістері өткізіліп, халықтың бүгіні мен болашағын айқындаған маңызды шешімдер қабылданған. Бұл Ұлы даланың демократиялық дәстүрі іспеттес дүние еді.

Сөй деген Марат Бәшімов Ата заңға енген өзгерістен кейін өткізілгелі отырған Құрылтайдың жауапкершілігі зор деген ұстанымда.

– Халық Жаңа Қазақстанның бағыт-бағдарына қарсы емес. Керісінше, «ескі жүйенің» ережелерін бұзып-жарып, әділеттілік орнатуға көшкен президент Тоқаевты барынша қолдап отыр. Оның саяси стратегиясы мен ұстанымы халықтың көзқарасымен сай келеді.

Әйткенмен Тоқаевқа қолған алған саяси реформаларды жұртшылыққа түсіндіруде әлі де болса бірізділік жоқ. Шын мәнінде нағыз реформалар енді басталады. Үлкен өзгерістердің кезеңі келе жатыр.

Ұлттық құрылтайда бас қосатын қауым осы төңіректегі ой-пікірін ашып айтуға тиісті, – дейді Бәшімов.

Оның атап өткеніндей Әділеттілік, Теңдік, Ата үстемдігі дейтін түсініктерді әрі қарай да тереңдете түсуге тиіспіз. Тоқаевтың тұсындағы Қазақстанда адам капиталына басым көңіл бөлініп, адами құндылықтар алдыңғы орынға шығуы тиіс.

«Өткен отыз жылда идеологиялық жұмыс тек бір адамды мақтауға негізделіп кеткені жасырын емес. Жаңа Қазақстан осы үрдісті біржолата үзуді көздейді. Әділетті мемлекеттің іргесін қалағымыз келсе, жағымпаздық атты жаман әдеттен ада жастардың жаңа буынын тәрбиелеуіміз қажет», – дейді сарапшы.

Оның пікірінше Түркістанда өтетін құрылтайда олигаполия, жемқорлыққа қарсы тұру мәселесі тереңнінен талқыланып, сыртқы заңсыз шығарылған капиталды елге қайтарудың жолдары егжей-тегжейлі сөз болуы тиіс.

– Бұдан былай бюджеттің ақшасын оңды-солды шашуға, оған қол сұғуға жол берілмеуі керек. Құрылтай мүшелері мемлекет мүддесімен байланысты мәселелерге әрдайым сергек қарап үйренгені жөн.


Құрылтай жаңа демократиялық алаң. Құрылтай мүшелерінің Әділетті Қазақстанның қабырғасын қалаудағы орны бөлек. Құрылтай жұмысынан үлгі алған басқа да тәуелсіз ұйымдар уақыт өте келе Тоқаевтың саяси реформаларын жүзеге асыруға атсалысатын болады.

Бізге министр мен әкім-қаралардың қас-қабағына қарамайтын қоғамдың кеңестер мен мәслихаттар ауадай қажет. Құрылтайдың келесі кездесуінде осы мәселені назарға алуымыз керек, – дейді Бәшімов.

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x