Back

Талдықорған: Шаһар халқы неліктен тұрғын үй кезегінен шығып қалуы мүмкін?

Баспанаға мұқтаж отбасылар саны қанша? Кімдер тізімнен алынды? Қанша азаматтың мемлекеттік тұрғын үй қорынан тұрғын үй берілуі үшін негіздер жойылған?

Осы және өзге де сауалдарға Талдықорған қаласының әкімі Әсет Масабаев жауап берді.

Айта кетерлігі қала әкімдігі «КЕЗЕКТЕ» порталында баспанаға мұқтаж емес азаматтарды анықтау мақсатында тексеріс жұмыстарын жүргізген.

«2015-2020 жылдар аралығында заң бұзушылықпен 1108 тұрғын үй берілген. Оның ішінде 360 пәтер жеке тұлғалар мен мемлекеттік қызметкерлерге құжатсыз берілген. Алдағы уақытта бұл үйлер қызметтік пәтер ретінде қолданылмақ. Сонымен қатар, халықтың әлеуметтік осал тобы санатына жататын азаматтарға 748 пәтер берілген. Бұл тізім бойынша мұрағаттық мәліметтермен салыстыру жұмыстары жүргізілуде.

Оның ішінде 298 үй «Береке» коттедж қалашығында, 450-і көпқабатты тұрғын үйлердегі пәтер. Сондай-ақ, 2295 азамат тұрғын үй кезегінен алынып тасталған. Оның 469-ы тұрғын үй сатып алса, 1826-ы мемлекеттік тұрғын үй қорынан немесе түрлі себептермен тұрғын үй алуға негізі жоқ боп табылған»,- деді шаһар басшысы Әсет Масабаев.

Сонымен қатар, «Болашақ» шағын ауданындағы 26,41,42,43 пәтер иелері мен Желтоқсан көшесіндегі үй иелеріне хабарлама жіберілген. Бүгінде 96 талап бойынша сот талқылауы жүргізіліп жатыр.

Айта кетерлігі пәтерлерді есепке алу және жалдау төлемдерді бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр.

Бұл алдағы уақытта түсімдердің ашықтығын бақылауға, сонымен қатар төлемдерді кешіктіруді болдырмауға мүмкіндік бермек.

Жалпы, Талдықорғанда 16 179 азамат тұрғын кезегінде тұр. Оның 6187-і бюджеттік ұйымдардың қызметкері, 9992-і халықтың әлеуметтік осал табына жататын азаматтар.