Cоңғы жаңалықтар
Back

Мамыр айында мың өтініш түсіп, оның 400-і оң шешімін тапқан

«AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалының қоғамдық қабылдау бөлмелерінде мамыр айында 1000-нан астам өтініш тіркелген. Оның 400-ге жуығы оңтайлы шешіліп, бір айдың өзінде тұрғындар түрлі көмектер алды. Ал қалған 600-дей арыз-шағымға заң аясында түсіндірмелер жүргізілген, – деп хабарлайды Dalanews.kz «AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Мәселен, Сарыағаш ауданы Ақжар бастауыш партия ұйымына елді мекен тұрғындарынан тозығы жеткен электр сымдарын жаңарту жөнінде өтініш келіп түсті. Аудандық мәслихат депутаты Ш.Ибрагимов мәселені аудандық мәслихаттың сессиясында көтеріп, нәтижесінде аудандық бюджет есебінен тиісті қаржы бөлінген. 20 мамыр күні Т.Орынбаев көшесінің электр сымдары мен жарық шамдары ауыстырылып, тұрғындар партия филиалына алғыстарын білдірді.

Инфрақұрылым мәселесі Түлкібас ауданында да көтерілді. Қабанбай ауылының тұрғындары республикалық маңызы бар жолдың астында орналасқан мал өткелі және су өткелдерін ашу туралы шағымын жеткізген. Партия филиалы жауапты мекемелермен байланысып, нәтижесінде талап-тілек орындалды.

Ал Төлеби ауданында жалғызбасты және қараусыз қалған Киелітас елді мекенінің тұрғынына медициналық көмек көрсетілген. А.Головконың екі көзі де көру мүмкіндігінен айырылған. Аудандық мәслихат депутаты Д.Омаров өз қаражаты есебінен 3 рет аймақтық диагностикаға тексертуге ықпал етті.

Тиісті мүгедектік құжаты болмауына байланысты мемлекеттік жәрдемақыны қалыс қалған. Депутат құжаттандыру мәселесіне де араласып, өтініш иесі І топтағы мүмкіндігі шектеулі азамат ретінде тиісті жәрдемақыға қол жеткізді.

Мұнан өзге партия тарапынан жергілікті тұрғындарды тұрақты жұмыспен қамту, ақылы қоғамдық жұмысқа орналастыру, заңгерлік кеңес, азық-түлік үлестіру, медициналық және әлеуметтік көмектер ұйымдастырылып келеді. Партия филиалдарына келіп түсетін өтініштердің әралуандығына байланысты олар шешу кезеңдері мен деңгейге бөлінеді. Бірі аудандық деңгейде орындалса, енді бірі облыстық тіпті республикалық қолдауды қажет етеді. Атап өтерлік, жыл басынан бері партия филиалдарында 6900-ден астам өтініш тіркеліп, 3100-дейі оңтайлы шешілген. Қалған 3800-ге жуығына заң аясында түсіндірмелер жүргізілген. 60-тай талап-тілектің әлі қаралу мерзімі бар.

Тағы оқыңыз:

«TALQYLAU»: Конституцияға енгізілетін өзгерістер – саяси реформалардың басы

“АЭС салатын жерді анықтап қойдық”. Тоқаев енді нысанды қай елдің технологиясымен салуды талқылауда