Рәміздер күні: шымкенттіктер айтулы мерекені ерекше форматта атап өтті

Dalanews 06 мау. 2022 06:07 157

4 маусым- Мемлекеттік рәміздер күні. Айтулы мерекені шымкенттіктер ерекше форматта тойлады. Бұл күні үшінші мегаполис тұрғындары егемендіктің ең басты белгісі, тәуелсіздігіміздің нышандарына құрмет көрсетті.

Шаһарда ел құндылығын дәріптеп, мерейін асқақтату мақсатында авто шеру де ұйымдастырылды. ҚР Мемлекеттік Ту ұстаған шерушілер үш топқа бөлінді.

Алғашқысы, 30 автокөлік шеруші  Төле би көшесінен Ордабасы алаңына жиналды. Ал Шымқаланың 30 велоспортшысы Қазыбек би көшесінен жүріп өтсе, еліміздің көк байрағын көтерген 30 ерікті Әйтеке би көшесінен Орбасы алаңына жиналды.

Осылайша шаһардың басты көшелерімен жүріп өткен шеру Мемлекеттік Туымызды көкке қалықтатты. Жанға қуат, бойға мақтаныш, асқақ рух сыйлады.



Ал 30 саны биылғы рәміздер күнін атап өту үшін бекер таңдап алынған жоқ. Өйткені, осыдан 30 жыл бұрын Қазақстанда Ұлттық рәміздер – Мемлекеттік Ту, Әнұран және Елтаңба бекітілді. Мемлекеттік рәміздердің орналасуына қатысты бірнеше нақты шарт бар екенін айта кету керек.

Мәселен, мемлекеттік мекемелердің кіреберісінде орналасатын мемлекеттік туға түнгі уақытта да жарық түсіп тұруы шарт.

Сондай-ақ суретте ту үнемі оң жаққа қарай желбіреп тұруы тиіс. Мекеме басшыларының жұмыс бөлмесінде орналасатын мемлекеттік ту мен мемлекеттік елтаңбаның орналасу реті арнайы талаптарға сәйкес болуы керек.

Ал 2020 жылдан бері мемлекеттік рәміздер кеңінен қолданылады. Себебі 2020 жылдың қазан айында ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекеттік рәміздерді пайдалану туралы заңнаманы қайта қарау қажеттігін мәлімдеген болатын.



Осыдан кейін туды балконға ілуге ресми рұқсат берілді. Бірақ тек патриоттық сезім мен қазақы болмысты таныту үшін, Қазақстан мен ел азаматтарының жетістіктерін қолдау мақсатында ілуге мүмкіндік берілді. Бұл күні Шымкенттегі Нұрсат шағын ауданының тұрғындары жаппай балконға мемлекеттік Туды іліп, рәміздер күнін атап өтті.

Қала әкімінің бірінші орынбасары Шыңғыс Мұқан бұл іс-шара жыл сайын іске асатынын тілге тиек етті.

“Мемлекеттік рәміздер күні қарсаңында қала тұрғындары еліміздің көк Туына құрмет көрсетуді әдетке айналдырған. Олар өздерінің балкондарына туды ілуді қолға алған. Бұл жалпыхалықтық мереке. Мемлекеттік ту, жалпы рәміздер әрбіріміздің жүрегімізде.

Сонымен қатар мемлекеттік рәміздер күніне арналған іс-шара бүгінгі күнмен басталмады және мұнымен шектелмейді. Жыл басынан бері мемлекеттік рәміздер күніне арналған түрлі іс-шара өтіп келе жатыр.


Ауқымды болмаса да, мектеп, балабақша мен түрлі ұжымда рәміздерге құрмет көрсетіліп келеді. Бұл шаралар жалғаса бермек. Біз рәміздерімізді күнделікті насихаттауымыз керек деп есептеймін”,- деді қала әкімінің бірінші орынбасары Шыңғыс Мұқан.

Жастардың бойында патриоттық сезімді арттырған шараға шаһар басшысы Мұрат Әйтеновтен бастап, депутаттар, қаланың озат оқушылары, қоғам қайраткерлері мен студенттер қатысты.



Ал шеруден соң, Тәуелсіздік саябағында Қазақстан Республикасының әнұраны орындалды. Сондай-ақ бұл күні еліміздің гимні әрбір мекемеде жаппай шырқалып, әлеуметтік желіде эстафетада басталып кеткен.

Мемлекеттік рәміздер – Ту, Елтаңба және Әнұран Қазақстан Республикасының дербестігі мен тәуелсіздігін бүкіл әлемге танытушы әрі мемлекетіміздің өткені мен бүгіні және болашағы арасындағы сабақтастықтың жарқын көрінісі.

Сондай-ақ рәміздер – халқымыздың мұқалмас рухын, қаһармандығы мен даналығын, асқақ арман-тілегін жеткізетін құнды белгілер. Тәуелсіздік саябағына жиналған жастар еліміздің көк туы салынған киімдерді арнайы киіп келген.


Басты мақсат - тұрғындардың патриоттық сезімін ояту,- дейді олар.

“4 маусым халық үшін ерекше мереке. Себебі бұл күні Егемендігімізді дәлелдейтін рәміздер күні тойланады. Сондықтан Шымкент қаласының жастары Ордабасы алаңына жиналып, шеруге қатыстық. Рәміздеріміз ол әрбір Қазақстан Республикасының азаматы үшін үлкен құндылық. Ол еліміздің мәртебесі. Сол себептіде көк туымыз төрде ілініп тұрады.

Біз оны аяқ астына таптауға жол бермейміз. Ал халықаралық олимпиадада жеңіс тұғырынан көрінген спортшылар әнұранды әлемге шырқатып, мақтан тұтады. Барша отандастырымызды бүгінгі мерекемен шын жүректен құттықтағым келеді”,- деп ойымен бөлісті белсенді жастардың бірі
Аида Аббас.

“Менің рәміздерімізге деген құрметім өте жоғары. Осындай патриоттық ауқымды шараны мен қолдаймын. Сондықтан қолыма көк байрағымызды алып Тәуелсіздік саябағына келіп отырмын.

Ал Туымызды алып қаланың үлкен көшелерімен шерудің жүріп өткені халықтың рухын көтерді деп ойлаймын. Бүгінгі мереке құтты болсын, халқымызға тыныштық берсін”,- деп ақ тілегін жаудырды
қала тұрғыны Төрегелді Дүйсенбек.



Көк туымыз тұғырлы, Елтаңбамыз еңселі, Әнұранымыз айбынды ел ретінде бүгінгі мерекенің орны ерекше дейді шаһар тұрғындары. Рәміздер - қазақстандық патриотизмнің, Отанға деген махаббаттың, оның тарихына, мәдениеті мен дәстүрлеріне деген терең құрметтің негізгі белгісі. Сондықтан шымкенттіктер бұл мерекені асыға күтетінін жасырмады.

“Мен Бәйдібек ауданының тұрғынымен. Қалаға рәміздер күні үшін келдім. Рәміздерді құрметтеу әрбірімізге жүктелген міндет. Біз мемлекеттік тілімізді ұмытпауымыз керек. Көк туымызды желбіретіп, әнұранды мақтан тұтып айтуымыз керек,- деді Бәйдібек ауданының тұрғыны Гүлнәр Иманқұлова.

“Тұғыры биік Туымыз  ел тарихын әлемге танытар Елтаңбамыз және кез-кел­геннің патриоттық рухын көтеретін Мем­ле­кеттік Әнұранымызбен айбынды ел бола біл­дік. Сондықтан да мемлекеттік рәміздеріміз — тәуелсіздігіміздің айғағы деп білуіміз керек. Биыл мемлекеттік рәміздердің қабылданғанына 30 жыл. Мен еліміздің белсенді азаматы ретінде көп туымызды көкке желбіретуге уәде беремін. Себебі бұл мемлекеттің негізгі нышаны болып табылады”,- деді қала тұрғыны Нұрдәулет Тұрсынғали.

Мемлекеттік рәміздеріміз бүгінде шартарапқа кеңінен танылды.

Қазақ Елін әлем жұртшылығы мойындады. Біздің Көк байрағымыз Біріккен Ұлттар Ұйымының ғимараты алдында тұр, Қазақстан Республикасының шетелдердегі Елшіліктері ғимаратының маңдайшаларына тігілген. Ал әлемдік спорт додаларында еліміздің, оның ішінде үшінші мегаполистің спортшылары да жеңіс тұғырынан көрініп,  Әнұранымызбен бірге Көк Туымызды биікке көтеріп жүр.

Бірлік пен келісімнің, өсіп-өркендеудің нышаны – Мемлекеттік рәміздеріміз арқылы Қазақ Елінің абыройы биіктеп, халқымыздың рухы асқақтай берсін!

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x