"Шымкент жастар лигасы" спорт додасының жеңімпаздары анықталды

Dalanews 03 мау. 2022 16:05 278

«Шымкент жастар лигасы» спорттық додасының чемпиондары анықталды. 1 маусым Халықаралық балаларды қорғау күні аясында жүлделі орынға қол жеткізген командалар марапатталды.

Ал 1-орынды қанжығасына байлаған командаға 20 миллион теңге көлемінде қаржылай сыйақы берілді. Қала әкімі Мұрат Әйтеновтің бастамасымен жүзеге асырылып, үш айға созылған сайыс спорттың 4 түрінен өткізілді. Оның қатарында волейбол, баскетбол, шахмат және футбол да бар. Бұл күні «Қажымұқан» орталық стадионында футболдан финалдық ойын өтті. Бірінші орынға №65 мектеп командасы мен №90 мектеп командасы таласты. Бірінші тайм  1:1 есебі бойынша аяқталды.

Ал ойынның екінші жартысында №65 мектеп командасы 3:1 есебімен жеңіске жетіп, футболдан ЖАСТАР ЛИГАСЫ - 2022 жылдың кубогын ұтып алды.



“Ойын өте тартысты өтті. Мен №65 мектепті қолдап келіп отырмын. Олардың жеңіске жететініне сенімді болдым. Себебі олар керемет ойын көрсетті. Командадағы оқушылар біраз уақыт дайындалды”, – дейді жанкүйер Ақмерей Айдарқұлова.

Жобаның жабылу рәсіміне қала әкімі Мұрат Әйтенов арнайы қатысып, балаларды жеткен жеңісімен құттықтады.

Шаһар басшысы чемпион атанған команда өзінің білім ошағына 20 миллион теңге көлемінде сыйлық сыйлау мүмкіндігіне ие болғанын да атап өтті.


“Шымкент жастар лигасы” Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, бұқаралық спортты дамытуға бағытталған кешенді бағдарламасын жүзеге асыру мақсатында қаламызда екінші рет ұйымдастырылып отыр.

Бұл жоба жастарды патриот, отансүйгіш, елжанды етіп тәрбиелеуге септігін тигізеді. Себебі спорт денсаулықтың ғана кепілі емес, ол адамды табандылыққа баули отырып, ерік-жігерін шыңдай түседі.



Бүгінгі жарыста жеңіске жеткен оқушылар тек спортта ғана емес, олар өз мектебінің абыройы мен беделі үшін атсалысты.

Бүгін өзі білім алатын алтын ұя мектебінің намысын қорғаған жас жеткіншектер ертең ер жеткенде елінің де намысын қорғайтын, Отанына адал қызмет ететін азамат болады деп сенемін. Сондықтан бүгінгі жеңістеріңіз өмір жолдарыңыздың үлкен бастауы болсын!”, – деп тілек білдірді қала басшысы Мұрат Әйтенов.

...

Жоба мектеп оқушыларының бос уақытын ұйымдастыру, бұқаралық спортты дамыту және ҚР чемпионаттарына команда жасақтау мақсатында ұйымдастырылып отыр. Жобаға деген қызығушылық жылдан жылға артып келеді. Өткен жылы аталған спорттық додаға 140 мектеп қатысқан болса, биылғы біріншілікке спорттың төрт түрінен қаладағы 151 орта мектептен  6 мыңға жуық оқушы қатысты.

Жалпы, Жастар Лигасының жүлде қоры 80 миллион теңгені құрайды. Бірінші орынды қанжығасына байлаған командаларға 20 миллион теңге көлемінде қаржылай сыйлық табысталды.


Осы спорттық сайыстарға төрелік етуге және ұйымдастыру жұмыстарын жүргізуге 400-ге жуық дене шынықтыру және спорт саласының мамандары жұмылдырылған. Олардың қатарында қалалық білім басқармасы басшысының орынбасары әрі шахматтан жеті дүркін чемпион Гүлісхан Нахбаева да бар.



“Өзім шахматшы қыз болғаннан кейін, маған спорттың осы түрі бойынша өткен сайыс өте қызықты болды. Бұл сайыста бірінші орынды Ө.Жолдасбеков атындағы №9 IT мектеп-лицейі жеңіп алған болатын. Естеріңізде болса, олар өткен жылы 1 мектеппен сайысып, 2-орынға ие болған еді. Осы жылы мектеп ішінен арнайы үйірме ашып, жаттықтырушыны да жалдап, дайындықты күшейткен.

Нәтижесінде, жүлделі бірінші орынды қанжығасына байлап, мектепке 20 миллион теңге көлемінде қаржы сыйлап отыр. Бұл оқушылардың білімінің нәтижесінде жеткен жетістігі деп білемін”, – дейді қалалық білім басқармасы басшысының орынбасары Гүлісхан Нахбаева.

“Біз IT-лицей болғандықтан, бұл қаржыға мектепке интеллектуалды тақта алып, материалдық базаны жақсартамыз деген ниетіміз бар. Дегенмен нақты шешім комиссия отырысынан кейін белгілі болмақ. Біздің мектепте шахматтан сабақ та, үйірме де болады. Балаларымыз да ерекше дарынды”, деп шәкірттерімен мақтанды №9 IT мектеп-лицейінің директоры Анар Аманқұлова.

Тартысты бәсекеде шахматтан жүлделі ІІ-орын Ы.Алтынсарин атындағы №65 мектеп-гимназиясына бұйырды. Ал ІІІ-орынды Т.Тәжібаев атындағы №47 мектеп-гимназиясы иеленді.

Баскетбол ойыны бойынша І-орын - М.Х. Дулати атындағы №8 мектеп – гимназиясына бұйырды. Айта кетейік, аталған білім ордасының шәкірттері өткен жылы да “Шымкент жастар лигасында” баскетболдан чемпион атанған еді.

“Біз көп дайындалдық. Себебі биыл да жеңіске жету мақсатымыз болды. Өткен жылы да баскетболдан 1-орынды иеленіп, мектепке 20 миллион теңге сыйлаған болатынбыз. Осы жылы да сондай мүмкіндікке қол жеткіздік. Осылайша, біз Жастар Лигасынан жалпы 40 миллион теңгелік ұтысты қанжығаға байлап отырмыз. Жеңісті бермейміз ешкімге.

Келесі жылы да баскетболдан жеңімпаз атанамыз деп сенемін. Бұл сайыс бізге үлкен мотивация берді. Біздің команда спортпен шұғылдануды жалғастыратын болады, деді М.Х. Дулати атындағы №8 мектеп – гимназиясы командасының капитаны Ерсұлтан Ахметбек.



Спорттық додада баскетболдан жүлделі ІІ-орынды Әл-Фараби атындағы №113 жалпы орта білім беретін мектебі иеленді.

ІІІ-орын болса, Ы.Алтынсарин атындағы №65 мектеп-гимназиясына бұйырып отыр.

Спорттың волейбол  түрінен 129 команда, 1458 оқушы қатысып, нәтижесінде:

ІІІ-орын - Ж.Аймауытов атындағы №64 мектеп-гимназиясы;

ІІ-орын - Ахмет Байтұрсынов атындағы №50 мектеп-гимназиясы

І-орын - Әл-Фараби атындағы №113 жалпы орта білім беретін мектебінің оқушылары жеңіске жетті. Осылайша, олар 20 миллион теңгені өз мектебіне сыйлауға мүмкіндік алды.

“Ойын біршама қиынға соқты. Бірақ біз соңына дейін күрестік. Біздің волейбол командасында 10 қыз бар. Бәрі де мектепке жеңіс әкелу үшін барын салды. Ал Әл-Фараби атындағы №113 жалпы орта білім беретін мектебінде волейболдан дайындалуға барлық мүмкіндік бар. Өткен жылы да осы тартысты додаға қатыстық. Ол кезде екінші орынды иелендік. Ал биыл жеңіс біздің қолда. Өз білім ұямызға 20 миллион теңге сыйлағанымызды мақтан етіп тұрмыз. Бұл мәңгі есте қалатын сәт деп ойлаймын, – деп қуанышымен бөлісті волейболдан бірінші орын алған команда капитаны Дилёра Хавазматова.

Дегенмен демеушілер есебінен берілген қомақты қаражатты тек білім ордасының материалдық базасын жаңартуға ғана жұмсауға болады. Тіпті мектепке қаржы түскен соң, оны мақсатты пайдаланғандығы да тексеруден өтеді.


“Бұл Жастар лигасы ел бойынша алғаш рет Шымкент қаласында қолға алынды. Қала әкімі Мұрат Әйтеновтің бастамасымен екінші жыл қатар іске асып отырған республикадағы жалғыз жоба.



Өткен жылы сайысқа 140 мектеп қатысса, енді биыл 151-ден асып отыр. Сондай-ақ жүлде қоры 80 миллион теңге болғандықтан осы жолы оқушылар арнайы дайындықпен келгенін байқадық.

Мектепке жаттықтырушы алып, спорттық додаға тыңғылықты жыл дойы дайындалған. Осылайша, біз алға қойған мақсатымызды орындадық.

Яғни оқушылардың жаппай спортпен айналысуына мотивация беріп отырмыз. Ал демеушілер есебінен берілген қаржы қай мақсатта жұмсалғаны тексеріледі. Мектеп ұжымы өзара комиссия құрып, білім ұясына не қажет екенін айтады. Демеушілер сұранысқа сай 20 миллон теңге аясында қажетті құрал-жабдықты сатып алып береді.

Бұл чемпионат балалардың спортпен айналысуына сеп болды деп ойлаймын. Алдағы уақытта Жастар лигасы жобасы жалғасын табады, – деді қала әкімінің бірінші орынбасары Шыңғыс Мұқан.

Жарыстың негізгі мақсаты мектеп оқушыларының бос уақытын тиімді пайдаланып, балалар мен жасөспірімдер арасындағы нашақорлықтың алдын алу және оларды салауатты өмір салтын ұстануға насихаттау болып табылады. Аталған спорттық дода 2021 жылдың 23 қазан айында бастау алып, 1 маусым күні мәресіне жетіп отыр.

Сонымен қатар, командаларға қолдау көрсетуге 151 мектептен Фан – клуб командалары жасақталып 2265 оқушы қамтылды. Десе де, олардың арасынан үздіктерді анықтау қала күні аясында іске аспақшы.



“Әрбір спортшыларды қолдау кезінде фан клуб командасы да құрылған. Яғни олар жанкүйер ретінде би билеп спортшыларға ойын кезінде қолдау көрсетті. Расында, біздің оқушылар арасында құрылған әрбір команда өнерімен бізді таңғалдырды. Олардың арасында да жеңіске жеткен командаға демеушілер есебінен велосипед сыйға тарту жоспарда бар”, – дейді қалалық жастар ресурстық орталығының директоры Мағжан Исахов.

Жастар Лигасының салтанатты жабылу рәсімі концерттік бағдарламаға ұласты. Іс-шараға Қайрат Түнтеков, Заттыбек, Әйгерім Қалаубаева секілді эстрада жұлдыздары арнайы шақыртылды.

Азиза МАДИЯРҚЫЗЫ


Арнайы «Қала мен Дала» газеті үшін


 

 

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x