Тәуелсіздіктен асқан мұрат, бірліктен асқан қасиетті ұғым жоқ – Ассамблея белсендісі

Dalanews 28 қыр. 2022 16:05 283

«Қазақ тарихы – бiрiгу тарихы». Бұл сөздi естiген әр жанның көкірегіне қазақы мiнездiң, қазаққа қаратыла айтылатын жақсы әсерлердің сан түрі ұялауы мүмкін. Кеңпейілділік, бауырмалдық, жатты жатсынбаушылық, ашықтық... Кейде осы мiнездердi өзiмiздiң сынап жататынымыз бар. Десе де нақтылы тарихи жағдайларға зер салыңызшы. Қазақстанда өмiр суретін халықтар мен ұлыстардың дені өткен ғасырдың басынан белортасына дейiн елге келген жоқ па едi? Бiрi ауа көшiп келдi, бiрi зорлық-зомбылықтан ықтап келдi. Бiрiн саяси қуғын-сүргiн дала құшағына тоғытты. Ендi бiрiн... О, атамаңыз! «Жер аудару», «Тың игеру» сынды жағдаяттардың кесiрiнен қазақ даласын мекен еткен ұлттар мен ұлыстар қаншама?!

Кезiнде бiр батыс саяхатшысы айтыпты дейтін сөз бар: «Орталық Азияда қазақ дейтін халық бар. Көптігі сонша, құммен пара-пар». Олай болмады ғой, ғасырлық соғыс пен ашаршылықтың кесiрiнен қойдай қырылған қазақтың санын шеттен келген ұлыстар толтырды. 130 ұлт бар делiнедi қазiр, жыл өткен сайын олардың саны өсiп-өркендеуде.

Диаспораның екi өкiлi бiрiгiп ұлт есебiне саналса, бұдан да арта түсері кәдік. Айтпағымыз, солардын денiнiң саны аз. Мейлі, әңгіме ол тарапта емес. Тоқ етерін сөз еткенде, түрлі себептермен елiмiздiң түрлi аймағына қоныс тепкен ұлт пен ұлыс өкілдерін бауырына басып, бір тілім нанын бөліп берген, өзіне керектiнi аузынан жырып алдына тосқан қазақтың кеңпейілділігі туралы әңгіме бөлек. Қазақтың қонақжайлылығына өзге диаспоралардың өкпесі жоқ болса керек. Отан құраушы ұлт, маң даланың иесі – қазақ. Қазақты сыйлау Қазақстанды сыйлау.

 

Бейбітшіліктің ордасы

Тәуелсіздіктің алғашқы жылында қазақтын жалпы үлесі небәрі 42 пайыз болғаны есімізде. Соны есепке алған кейбір сарапшылар Қазақстан қантөгiстiң ордасына айналады деп те болжаған. Шын мәнінде солай ойлауынын, сондай кесiм жасауынын себебi де бар еді. Этникалык әртүрлілік қай ел үшін болса да оңай емес. Бiрақ елдi бiрiктiрiп, «ырыс алды – ынтымақ» екенiн ойлаған ел басшылығы 1992 жылы өткен Қазақстан халқының I форумында үлкен ұйым құруды ұсынған едi.

1995 жылы «Қазақстан халқы Ассамблеясы» құрылып, оған елдегі түрлі ұлыс өкілдерiнен мүшелікке алынып, iрi саяси әрi мәдени ошаққа айналды.

Содан бері олар еліміздегі маңызды саяси мәселелерге белсене араласып келедi. Бұл ұйымның ауқымы өте үлкен. Әр өңiрден ұлттық мәдени орталықтар, салт-дәстүрін, тілін, өзіндік дүниетанымын жетiлдiретiн бiрлестiктер ашылып, Қазақстанды Отаным деп танитын және сол үшін қызмет ететін жастар тәрбиелеуге атсалысуда.


Бұл бірлестіктер өз тілдерін, салт-дәстүрін, мәдениетiн нығайтумен қатар, қазақ тілін, оның тарихын, салт-дәстүрiн бiлуге һәм сыйлауға міндетті. Сол бағытта біраз жұмыстар атқарылып та жатыр.

Әттеген-ай дерлік тұсымыз, мұны толық, жүйелі түрде, жергiлiктi билiктiң бақылауымен iске асыру жағы кемшiн сияқты. Әйтпесе, 30 жылдың ішінде қазақша сайрап кетпесе де, iс-қағаздарын мемлекеттiк тiлде жүргiзе алатын буын өсiп-жетiлер еді.

Қалай айтсақ та, Қазақстан халқы Ассамблеясы – бейбітшілік ордасына айналды. Ұлттар арасындағы азын-аулық кикілжіңдер орын алғанымен, оны дер уақытында шешуге осы ұйым мүшелері бір кісідей еңбек етуде. Әуелгі мақсатымыз да сол емес пе еді?

Ұйым мақсаты

Мұны кеңірек айта кетуге тиіспіз. «ҚХА-ның мақсаты республикадағы оқиғаларға баға беру және саяси жағдайларға болжам жасау негізінде қоғамдағы ынтымақты қамтамасыз ететін іс-тәжірибелік ұсыныстарды ойластыру, ҚР Президентінің республика азаматтарының құқықтары мен бостандықтарын қорғау кепілі ретіндегі қызметіне атсалысу». Дәл осылай тайға таңба басқандай жазылған.

Ендеше, мұндай жалпақшешейліктің керегі не деу артық. Сондай-ақ, «тілдер мен ұлттық мәдениеттерді, салт-дәстүрлерді қайта жаңғырту және насихаттау, қазақстандық және ұлттық отансүйгіштікті қалыптастыру, ұлтаралық қатынастарды қадағалау негізінде ұлтаралық татулық пен келісімді нығайту, Қазақстанды мекен еткен ұлт өкілдері арасында достық қарым-қатынастардың дамуына негіз болатын мемлекеттік саясат жүргізу жөнінде ұсыныстар дайындау секілді бірнеше маңызды міндеттерді де өз мойындарына алған.

 

Ассамблея қазақ қоғамының ажырамас бөлшегіне айналды

Ассамблея мүшелерiне заң шығарушы органнан квота берiлiп, алғашқыда ҚР Парламенті Мәжiлiс құрамына енді. Жалпы, бұл іс-тәжірибе дамыған елдерде сәтті жүзеге асып келе жатқан тәжірибе. Бірақ айналамыздағы елдерге қарар болсақ, мұндай жеңілдік, мұндай оңтайлы саясат жоқтын қасы екенін байқаймыз.

Биыл Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің саяси жаңғыру реформаларын жария еткенде, алдағы уақытта Ассамбелея мүшелерінен заң шығарушы органға берілетін Мәжілістегі квотасы Сенатқа ауысқанын алға тартты. Сонымен қатар Сенатқа депутат болатын ассмблеялықтардың саны біршама қысқарғанын да айта кетуіміз керек.

Мұны көпшілік заман талабынан туындаған шешім деп қабылдағаны анық. Өйткені, осыған дейін Қазақстан халқы Ассемблеясы мүшелерінен мұндай артықшылық беру турасында кейбір қоғам өкілдері тарапынан сындар айтылғанын білеміз.

Бұл сындарда Ассамблеяны өзекке тебу деп әсте қарастыруға болмайды. Қайта керісінше қазақ қоғамының ажырамас бөлшегіне айналған Ассамблея мүшелері қоғамның толыққанды мүшесіне айналып, қандай саяси бәсекеге болса да төтеп беретін іргелі ұйымға айналғанын айқындай түсетіні анық.

Бұл – түсiнген жанға жалпақшешейлік емес, қайта өзгені бауырға тарта отырып, өзiмiзге жақындатудың амалы. Сонымен бірге, ұлттық мектептер, мәдениет ошақтары, театрлар жұмыс істеуде. Қазақ ежелден өзгеге тiзесiн батырған ел емес. Осындай айрықша қамқорлықты бағалай білетін, ұлтымыздың құндылықтарын сыйлай алатын өзге ұлт жастары өссе еңбегiмiздiң, қамқорлығымыздың өтелгенi.

 

Тілім – тірегім

Қазақ жерін мекендеген өзге ұлыстың өкiлдерi ешқашан қазақтан теперіш көрген емес. Тәуелсіздік жылдарында оларға қазақ қолынан келгенінше көмек қолын ұсынды. Бiздiң саяси сауаттылығымызды, бауырмалдығымызды анық сезiнген бір буын өсті. Солардын қазақ тiлiне шын мәнiндегi құрметін ояту қажеттiгi баса айтылса, орынды болары хақ.

Бұған Ассамблеянын мүмкiндiгi жетеді. Әр ұлттың өкілінен құралған Ассамблея мүшелері, осы ұйым атынан еліміздің заң шығарушы органынан депутаттық мандат алған ақ жағалылар жергiлiктi жерлерде, өз ұлыстарының ортасында кеңірек насихат жұмыстарын жүргізсе, нұр үстiне нұр болар еді.

Бүгін болмаса да ертең мемлекеттiк тiлдiң қажеттiлiгi айқын түрде сезiледi. Билік орындарында, қоғамдык ортада өзiнiң қазақстандық екенiн көрсету үшiн, жақсы жұмыс табу үшiн мемлекеттiк тілді игеру маңыздылығы арта түседі. Осы бастан iске кiрiсу бәрiмiз үшiн тиiмдi.

 

 

Виталий Тварионас, Литва ұлттық-мәдени орталығының төрағасы:

– Біздер ортақ отанымыз Қазақстанның болашағы мен тәуелсіздікті нығайтуға ауызбіршіліктің арқасында қол жеткізіп келеміз. Сондықтан біз үшін Тәуелсіздіктен асқан мұрат, бірліктен асқан қасиетті ұғым жоқ. Біз өткенін ұмытпайтын, ата-баба мұратын ұлықтайтын елміз.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың дара саясатының арқасында халық мұратын жаңа белеске шығарып, өз келешегімізді өзіміз кемелдендіруге бар күш жігерімізді жұмысаймыз.

Біз атамекеннің көркін, ата-жұрттың абыройын асыруда аянып қалмаймыз!  Қазақ елінің дархан пейілінің арқасында бабалар арманы болған тәуелсіздік орнады, экономикалық және әлеуметтік реформалардың іске асуын қамтамасыз еткен тұрақтылық пен қоғамдық келісім елімізді әлем елдеріне танытты. Қазақстан сенімді және нәтижелі табыстарға қол жеткізетіне сенімдімін.

Қадірлі Отанымыздың игілігі артып, өсіп-өркендеу жолына түсті. Жаңа Қазақстанның, жаңа қоғамын, тәуелсіздік тарихын қалыптастыра отырып, өзімізді де жаңа уақыттың талабына сай өзгерте білдік. Еліміздің экономикасы және әлеуметтік жағдайы жақсарып, бір шаңырақ астына жиналған түрлі ұлт пен ұлыстар тату-тәтті өмір сүріп келеді. Қарапайым халық үшін барлық жағдайлар қарастырылып, бірнеше мемлекеттік бағдарламалар да жүзеге асырылуда. Мемлекетіміз озық елдердің қатарынан көрінеді деп сенемін!

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x