Ғарыштық ұшырылмдар елміздің экологиясына кесірін тигізбеуі керек

Dalanews 21 қаз. 2022 14:14 497

Экологиялық қауiпсiздiк ұлттық қауiпсiздiктiң құрамдас бөлігі ретiнде тұрақты дамудың мiндеттi шарты болып табылады. Мұнымен бірге ол табиғи экожүйені сақтау мен жаңғыртудың негiзi. Экологиялық қауiпсiздiк саласындағы мемлекеттік саясаттын мақсаты табиғи жүйелердiң, қоғамның өмiрлiк маңызды мүдделерi мен адам құқығының қоршаған ортаға антропогендік және табиғи әсерлердiң нәтижесiнде туындайтын қатерлерден қорғалуын қамтамасыз етудің маңызы зор.  

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы Жолдауында ұлттық қауiпсiздiктi күшейту және халықаралық қатынастарды одан әрi дамыту қажет екендiгiн атап өтті.

Қазақстан тәуелсіздіктің алғашқы күндерінен бастап ғарыштық саланы дамытуға ерекше көңіл бөліді. Ғарыш айлағы – бүгiнгi күнi біздің әлемдік экономикалық сайыстағы маңызды басымдығымыз болып табылады.

Яғни, халықаралық маңызды жобалардың iске асуына, әлемдік ғылыми және ғылыми-техникалық кеңістікке кiрiгуiне ықпал ететiн отандық ғарыш саласын дамытуға Қазақстан қаншан мүдделі болуы керек.

Қазақстан мен Ресей 2004 жылдың 9 қаңтарында «Байқоңыр» кешенiн тиiмдi пайдалану жөнiндегi ынтымақтастықты дамыту туралы келiсiмге қол қойған. Келiсiмде Байқоңыр ғарыш айлағының инфрақұрылымын жаңғыртудың және оның тарихи маңызы бар нысандарын сақтаудың маңыздылығы танылады. Осы ретте ең маңыздысы Қазақстан мен Ресей екі жақты келісiм аясында ғарыштық-зымыран қызметін жүзеге асыруда экологиялық қауiпсiздiктi қамтамасыз ету мен қоршаған ортаны қорғау проблемаларын шешу жөнiнде бiрлескен жұмыстар жүргізуге уағдаласқан болатын.  


Бүгінде ғарыштық-зымыран қызметiнiң қоршаған ортаға тигізетін зардаптары жөнінде аз айтылып жүрген жоқ. Бiрқатар мiндеттердi шешуде ғарыш құралдарына балама жоқ болғандықтан, «Байқоңыр» ғарыш айлағы қызметінің экологиялық қауiпсiздiгiне бағытталған зерттеулер барған сайын өзекті мәселеге айнала түскені жасырын емес.

Айталық, 2009 жылдың 23 қазанында Қазақстан мен Ресей тараптары улы отынмен ұшатын зымырандардың экологиялық қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету үшiн, «Байқоңыр» ғарыш кешенiнен зымыран отынының аса зиянды құрамдас бөлiктерiн қолданатын зымыран-тасығыштар мен құрылықаралық баллистикалық зымырандарды ұшыруға дайындау және ұшыру барысына экологиялық жұмыстарды ұйымдастыру Тәртібін бекіткен болатын.

Бұл жұмыстарды Қазақстан тарапынан Қазғарыш қарамағындағы «Инфракос-Экос» еншілес мемлекеттік кәсіпорны орындайтын болып тағайындалған-ды. «Инфракос-Экос» компаниясығарыш айлағынан ұшырылатын зымыран-тасығыштардың қоршаған ортаға әсерін жан-жақты зерттеу, ғарыш айлағына жақын маңдағы елдiмекендердiң тұрғындарының денсаулық жағдайы мен әлеуметтік-гигиеналық ортасын тереңдетіп тексеру жұмыстарын Қазақстан мен Ресейдің мамандандырылған мекемелерi мен ғылыми институттарымен бiрлесе жүргiзедi.

Сонымен қатар әрбір жоспарланған зымыран ұшырылымдарының ғарыш аппаратын ұшырғанға дейiн де, ұшырғаннан кейін де Қазақстанның аумағына кіретін құлау нүктелерiнен топырақ, ауа, өсімдік, су сынамалары, ал қыста қар сынамаларын алып, зерттеулер жүргiзедi.


Аталмыш мекеме «Протон-М» зымыран тасығышы құлаған жердің қоршаған ортасынан, елдiмекендер мен қыстақтардан 400-ден астам сынама алып, гептилмен және оның өзгеру өнiмдерiмен ластануына зерттеді.

Еліміздің экологиялық қауiпсiздiгi тұжырымдамасында керсетiлгендей, қоршаған орта нысандары сапасының нормативтiк көрсеткiштерi мен қоғамның экологиялык тұрақты дамуын колайлы деңгейге жеткiзу үшiн қоршаған ортаға техногендік әсерді азайтуды қамтамасыз ету басты назарда болуы керек.

2021 жылы «Байқоңыр» ғарыш айлағынан соңғы алты жылда реккордтық деңгейде зымырандар ұшырылғаны белгілі. Атап айтсақ, былтыр «Союз-2» зымыран-тасығышы 12 рет, ал көп құлайтын «Пратон-М» зымымыран-тасығышы 2 рет ғарыш кеңістігіне көтерілген.

Зымыран-тасығыштардың ғарышқа сәтті көтеріліп кетесе жақсы. Ал олар ғарышқа жетпей ортан жолда құласа, бұл еліміздегі экологиялық ахуалды ушықтыратыны анық. Жалпы, осыған дейін «Пратон-М» зымыран-тасығышы бірінеше рет құлап, қазақ жерін улы гептилмен улады.

«Байқоңыр» арқылы ғарышты игеріп отырған Ресей Қазақстанда ғарыш аппараттары құлайтын 7 жерді белгілеген. Мұны аппаты жағдайдағы құлаумен шатастырмау керек. Айталық, ғарышқа сәтті көтерліген зымыран-тасығыштар өз жұмысын аяқтап, барлық улы жанармайларын жағып болғаннан кейін құлаған сәтте қоршаған ортаға зиянын тигізбейді.

Десекте зымыран-тасығыштар құлаған сәттерде өрт шығу қауіпі жоғары болады. Тілсіз жау өрттің өзі қоршаған ортаға айтарлықтай кесірін тигізетіні белгілі. Сондықтан төтенше жағдай қызметкерлері зымыран-тасығыштар құлайтын жерге дер кезінде жеттіп, өртті сөндіруі керек.

Сонымен қатар ғарыш аппараттары құлағында олардың бойындағы жанбай қалған жанармайлар аз бөлігі топырырақ қабатын улайтынын да ұмытпаған жөн. Біздің эколог ғалымдар ресейлік ғалымдармен зымыран-тасығыштар құлайтын жерлерден топрақ пен судың сынамаларын алып, ұдайы зерттеп отыруы маңызды.


Сарапшы мамандар бүгінде Ресей Батыс елдерінің экономикалық санкциясына ұшырағаннан кейін «Байқоңырдан» зымыран ұшыруы деңгейі біршама төмендейтінін айтуда. Мұндай жағдайда ғарыш саласына қатысты экологиялық мәселелер азаятыны анық. Бірақ кейбір сарапшылар санкциялардың кесірінен орыстардың зымыран-тасығыштары көп құлауы мүмкін екенін де айтуда. Қалай болғанда да біздер Ресейден ғарыш саласы бойынша экологиялық келісімдерді қатаң сақтауды талап етуіміз керек. Қазақстан экологиялық тұрғыдан қауіпсіз ғарыш саласын құруға мүдделі болуы тиіс.

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x