Back

Елордада «Жұмақ: жаза және кешірім» фильмінің екінші бөлімі жұрт назарына ұсынылды

Нұр-Сұлтан қаласы Дін істері басқармасының бастамасымен 2021 жылғы «Жұмақ» фильмінің жалғасы түсірілді. Бүгін елордада деструктивті діни ағымдардың әсері жайлы қозғайтын фильмнің тұсаукесері өтті, – деп хабарлайды Dalanews.kz  Елорда әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.

«Жұмақ: жаза және кешірім» фильмі елордалық Діндерді зерттеу орталығының қарсы пропагандалық жұмысы аясында түсірілген. Ол деструктивті діни ағымдардың ықпалына түскен балалардың тағдыры жайлы көрсетеді.

Айта кетейік, 2021 жылы қалалық Дін істері басқармасының бастамасымен «Жұмақ» атты қысқа метражды көркем фильм дайындалды. Көркем фильм халық арасында кең танымал болған-ды. Әлеуметтік желілерде (YouTube, Instagram, Facebook, Tik-Tok) фильмді 5 миллионнан астам адам көрген болатын. Осыдан кейін деструктивті діни ағымда жүрген адамдардың туыстарынан түсетін қоңыраулар жиілей бастады.

Фильмде Әли есімді жас жігіттің өмірі көрсетіледі, ол радикалды діни ағымның азғыруына түсіп, өмірі күрт өзгереді. Отбасынан бас тартып, ата-анасынан айырылып, достарымен араласуды доғарып, аяғында темір тордың ар жағынан шыққан жігіттің өмірі қоғамдағы көптеген сұраққа жауап береді.

Жұрт арасында аса танымал болған қысқаметражды фильмнің жалғасы түсіріліп, «Жұмақ: жаза және кешірім» атты бөлімі жарыққа шықты. Режиссері – Серік Таласов.

Фильмді түсірушілер діни фанатизм мен деструктивті ағымдар желісіне түскен азаматтардың проблемаларын қозғай отырып, халықтың діни сауатын арттыруға ықпал ететініне сенімді.

– Бұл фильмді теологтармен, дін саласының мамандарымен кеңесе келе түсірдік. Деструктивті ағымға түскен адамдардың тағдыры әртүрлі. Діни сауатсыздықтың кесірінен отбасынан безіп, отанын тастап шекара асып кеткендер де кездеседі. Осындай жағдайларды көргеннен кейін өзгелерге де сабақ болсын деген мақсатта фильм түсіру туралы шешім қабылдадық. Бірінші бөлімі шыққан соң маған еліміздің түкпір-түкпірінен қоңыраулар түсті, мыңдаған пікірлер келіп жатты. Дін тақырыбында көркем фильмдер жиі түсіріле бермейтін болғандықтан көптің көңілінен шықты деп ойлаймыз, – деді қалалық Дін істері басқармасының басшысы Нұрдәулет Әлмұханов.

«Жұмақ» фильмінің бірінші бөлімін Діндерді зерттеу орталығының YouTube каналынан көре аласыздар. Ал «Жұмақ: жаза және кешірім» туындысы жақын арада жарық көреді.